Сұрағы көп түйткіл

Сұрағы көп түйткіл

Қазақ тілінің мәртебесін қалай арттырамыз? Қайтсек ғылым тіліне айналдырамыз? Рудныйда «Ана тілім – ардағым» атауымен өткен ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар мен мамандар осы сұрақтар төңірегінде ой қозғады.

Конференцияны Рудный қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ ұйымдастырды.

Қазақ тілін оқытуда әуелгі кезекте баланың (студенттің, тыңдаушының) қызығушылығы ескерілуі керек. Мысалы, қазір көбі әлеуметтік желіні пайдаланады. Оның да тиімді тұстарын ескерген абзал. Назарбаев университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Күлән Көпеш осындай пікір айтты. Сондай-ақ ол конференцияға қатысқан мұғалімдерге өзі қолданып жүрген әдіс-тәсілдерді көрсетті.

– Мемлекеттік тілдің мәселесі тек руханияттың, мәдениеттің, білім беру саласының айналасындағы адамдарға ғана емес, басқа да мамандарға ортақ. Экономикада, өндірісте, бизнесте, бастысы билікте қазақ тілі көп қолданылса, ол ғылым тіліне бірте-бірте айналады,  – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Жүрсіналина.

Басқа білім ошақтарын айтпағанда, қазақ мектептерінде де тіл мәселесі бар екені жасырын емес. «Amanat» партиясының облыстағы филиалы жанынан құрылған «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесі осыған бел шешіп кірісіп отыр.

– Қазақ мектептерінде оқығанымен, қаладағы оқушылар үзіліс кезінде, көшеде, қоғамдық орындарда орысша сөйлесіп жүр. Осы мәселені көтерген кеңес мүшелерінен «Тіл жанашырлары» жұмыс тобы құрылып, Қостанайдағы қазақ мектептерінде кездесулер өткіздік. Одан бөлек, облыс мектептері арасында «Тіл тірегі – отбасы», «Ана тілі – үздік сынып»  байқауын ұйымдастырмақпыз, – деді кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина.

Ал, «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин басылым бетінде жарық көріп жатқан «Өзіңнен баста», «ТүзеТілді» жобаларын таныстырды.

Конференияда әртүрлі тақырыпта баяндамалар оқылды. Өңірлерден келген мамандар барлық іске жұмыла кірісетінін айтты.

Асыл ҚАСЫМ.

 

Жаңалықтармен бөлісу