Спорт клубына жаңа басшы тағайындалды

Спорт клубына жаңа басшы тағайындалды

Қостанай облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің спорт клубы» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына Абдуайтов Мылтықбай Жұмабайұлы тағайындалды.

Мылтықбай Жұмабайұлы – кәсіби жолы мен жетістіктері спорт саласының дамуымен тығыз байланысты білікті маман. Ол қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, самбо және дзюдо күрестерінен спорт шеберлігіне үміткер. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мен насихаттауға сүбелі үлес қосып келе жатқан тәжірибелі спортшы және ұйымдастырушы ретінде танымал.

Көп жылдық спорттық мансабы барысында ол еліміздің намысын қорғап, сан мәрте республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, қазақ күресінен Қарулы күштер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. Сондай-ақ самбо және қазақ күресінен 2011, 2013, 2014, 2015, 2021 жылдардағы Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының бірнеше мәрте қола жүлдегері болды. 2014 жылы самбодан, 2021 жылы қазақ күресінен ел чемпионатында қола медаль иеленіп, өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2015 жылы самбодан өткен Әлем кубогының қатысушысы ретінде халықаралық аренада өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Тұран барысы» Азия кубогының жеңімпазы атанып, ел абыройын асқақтатты.

Спорттағы табыстарымен қатар, Абдуайтов Мылтықбай Жұмабайұлының басқару саласындағы тәжірибесі де зор. 2020 жылдың сәуір айынан бастап Қостанай аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Ұлттық спорт түрінен балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ директоры қызметін атқарды. Сонымен қатар, ол «Самбо және жауынгерлік самбо күрес федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша оқытушы-жаттықтырушысы ретінде жас буынды тәрбиелеуге атсалысуда.

2020–2023 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «№3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры болды. Ал 2023 жылдың мамыр айынан осы уақытқа дейін Қостанай ауданы әкімдігінің «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесін басқарды.

Абдуайтов Мылтықбай Жұмабайұлы – спортты өмірлік мұрат еткен, ел ертеңі саналатын жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Жаңа қызметінде де ол өңірдегі ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің қарқынды дамуына тың серпін беретініне, Қостанай спортының жаңа белестерге көтерілуіне зор үлес қосатынына сенім мол.

Гүлназ Өмірзақ, 

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу