Алматыда өтіп жатқан Түркітілдес журналистер форумында Әзірбайжан журналистер одағының төрағасы Эльчин Чихлы медиа мен жасанды интеллект тақырыбында маңызды ойларымен бөлісті.
Ол қазіргі таңда жасанды интеллектің өмірге енуі туралы түрлі пікірлер айтылып жатқанын тілге тиек етіп, оның артықшылықтары мен қауіптеріне назар аударды.
Эльчин Чихлының айтуынша, жасанды интеллект журналистер үшін тиімді құралға айналып отыр.
«Бұрын бір тақырыпты зерттеу үшін бір апта уақытым кететін. Қазір бәрі жеңілдеді. Уақытымды үнемдейтін болдым», – дейді ол.
Бұл – жаңа технологияның журналистикадағы өнімділікті арттырудағы оң ықпалын көрсетеді.
Алайда, ол жасанды интеллекттің көмегімен дайындалған материалдарға толықтай сенім артуға болмайтынын ескертті.
«Кейбір ақпараттар жалған болуы мүмкін. Сондықтан журналист өз кәсіби сүзгісінен өткізе білуі керек», – деді Чихлы.
Сонымен қатар, ол дәстүрлі баспасөздің артықшылығына ерекше тоқталды.
«Веб-сайт арқылы шыққан материалдар үшін сіздерге қысым жасалуы мүмкін. Мүдделі топтар материалды өшіріп тастап, кедергі келтіреді. Ал газетке ешкім тиісе алмайды. Газет арқылы сөз бостандығы жақсы сақталады», – деді.
Журналистер үшін ақпараттың шынайылығы мен еркіндігі әрқашан бірінші орында. Осы тұрғыдан алғанда, Эльчин Чихлының пікірі бүгінгі медианың дамуы мен оның болашағы туралы ойлануға негіз береді.
