Алматыда өтіп жатқан Түркітілдес журналистер форумында Германиядағы Түрік медиа қауымдастығының өкілі Аднан Өзтүрк жасанды интеллектке қатысты өз көзқарасын білдірді.
Оның айтуынша, жасанды интеллект қуатты құрал болғанымен, адамды толықтай алдай алмайды.
«Жасанды интеллект адамды басқара алмайды. Себебі оны бақылап отыратын – адамның өзі. Сондықтан ақылды қолдану қажет», – деді Өзтүрк.
Ол сондай-ақ, жасанды интеллектпен тиімді жұмыс істеу үшін ағылшын тілін қолдануға кеңес берді.
«Ағылшын тілінде ақпараттың сапасы жоғары, таңдауы көп. Өзге тілдерді, тіпті ана тілін көп білемін дегеннің өзінде, дерек мардымсыз болып жатады», – деді ол.
Бұл пікір форумда қатысушылардың қызығушылығын туғызып, тіл таңдау мәселесінің өзектілігін көрсетті. Аднан Өзтүрктің айтуынша, жасанды интеллектті тиімді қолданудың бір жолы – ғаламдық тілде жұмыс істей білу, сонда ғана оның толық әлеуетін пайдалана аламыз.
Форумда спикерлер медиа саласына әсері, тілдік қолжетімділік, ақпараттың сенімділігі сынды тақырыптарды кеңінен талқылауда.
