Бүгін Қостанайға Шымкент қаласынан жіберілген гуманитарлық көмек келіп жетті.
Елдің оңтүстік аймағындағы ағайыннан жөнелтілген жәрдемді қостанайлықтар ыстық ықыласпен қабылдады.
Жүк көлігіне бес тонна азық-түлік тиеліпті.
“Біздің жақта да Қазақстанда болып жатқан жағдайға байланысты арнаулы штаттар ашылған. Шымкент қаласының тұрғындары Ассамблеямен, кәсіпкерлерімізбен бірлесіп, қолдан келгенше көмек көрсетіп отырмыз. Ақтөбеге, Атырауға ғана емес, Қостанай облысына да жәрдем береміз деп ниет қылдық. Бір “Газель” азық-түлік тауарларын алып келдік”, – дейді Шымкент қаласы “Өзбек этно” бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Тахирбек Нишанбаев.
Оларға шымкенттік “Мейірім Сайрам” қайырымдылық қорының мүшелерінен алты ерікті қосылып, қолдау білдірген.
“Өзбек этно” мәдени бірлестігі мен Қаратау ауданы әкімдігінің қолдауымен ниетімізді жүзеге асырып, өңірлеріңізге гуманитарлық көмек алып келдік. Оңтүстік елі сіздермен бірге, Алла сабыр берсін, қиындықтың бәрі артта қалсын”, – дейді “Мейірім Сайрам” қорының жетекшісі Фаррухжон Ахмедов.
Аталған этномәдени бірлестік өкілдері өздерінің аспаздарын да ерте келген екен.
Үш жүз келі палау басып, осы жерде тасқын сумен арпалысып жатқан еріктілерге таратқалы отыр.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков