Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан Арқалық қаласына гуманитарлық көмек тиелген 15 альфард және 1 газель жүк көліктері келді.
«Біз халықтың аманатын тікелей халыққа жеткізушіміз. Аманатты осы жердегі су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың адамдарына тапсырып, елге ораламыз. Әкелген жүктеріміздің ішінде азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек және гигиеналық заттар бар. Біз ешқашан қолданған заттарды алмаймыз. Өзімізге не қаласақ, өзгеге де соны қалаймыз. Барлығы жаңа, мүлдем қолданылмаған. Бұл біздің екінші сапарымыз. Бірінші кезеңда Ақтөбе облысында Кенесары мен Ойыл ауылдарына, Атырауда Құлсары қаласына көмектесіп, екінші кезеңде Қостанай облысының су алған өңірлеріне көмекке келіп тұрмыз. Енді, таяуда үшінші кезеңімізді бастаймыз. Біздің міндетіміз – еліміздің басына күн туған кезде өз отандастарымызға қарайласу», – дейді @JANIN.КZ қайырымдылық қорының төрағасы Жазира Асан.
Жеткізілген заттардың бір бөлігі апатты жағдайдан аман қалған Екідің мен Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындарына қажеттіліктерінше таратылып берілді. Ел алғысын айтып, ақсақал батасын берді.
«Қызылжұлдыз ауылының тумасымын. Ауылымызға жан – жақтан көмек беріліп жатыр. Су тасқыны кезінде ауылымыз түгел су астында қалып, ауылдастарымыздың барлығы қалаға жеткізілген болатын. Олар қиын шақта туыстарының үйлерін сағалап, мұқтаждықтарына қарай біразына жатақханадан орын берілген. Көмек көрсетіп жатқан барлық азаматтарға, үкіметке, халыққа алғысымызды айтамыз», – дейді ауыл еріктісі Алмас Сұлтанов.
Сын сағатта дөп жеткен Шымкент халқының қайырымдылық көмегі Жанкелдин ауданының тасқын су зардабын тартып жатқан ауылдарына да жөнелтілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы