Шылқыған бай Шилі еді…

Шылқыған бай Шилі еді…

Біз, Шилі ауылының жанашырлары елге барып, халықпен кездесіп, тұрмыс жағдайларымен танысып, талап-тілектерін тыңдап қайттық. Жұртшылықпен кездесу барысында ауыл тұрғындары қазіргі таңда кезек күттірмей шешілуі тиіс бірнеше мәселе көтерді. Атап айтқанда, солардың ішіндегі ең өзектісі – су мәселесі.

Сусыз тіршілік болмайды

Осыдан екі жыл бұрын үкімет тарапынан 208 млн қаржы бөлініп, бөгет салынған еді. Сапасыз салынған бөгет биылғы көктемде қар суына шыдамай бұзылып, көлдің барлық суы ағып кетті. Сөйтіп ел сусыз қалды. Бөгетті жобалаушылар жер жағдайымен таныспастан сырттай сметалық құжаттарын жасаған. Бөгеттің суағарын саз жақ беттен салмай, құм жақ беттен жобалап, бұл тасқын судың бөгетті жырып кетуіне әкеліп соққан. Соның салдарынан халықтың 208 млн теңгесі желге ұшты. Қазіргі хабарға қарағанда бөгетті қалпына келтіруді тағы сол бұрынғы орынға, құм жақ бетке салмақшы. Халықтың ақшасы тағы да желге ұша ма деп алаңдаймыз.

1990 жылдары Қасқайғыр қоныс орнынан Шилі ауылына ауыз су тартылған. Одақ ыдырағанда бұл жұмыс аяқсыз қалды. 15 шақырымға тартылған пластик құбырлар әлі жатыр. Соған мұнара тұрғызып, сусорғы орнатылса іске қосуға толық мүмкіндік бар.

Шилі мал өсіруге өте қолайлы мекен. Көл әуел баста елдің бірігуімен 1936 жылы салынған. Ақтөбеден арнайы десятник алдырып, соның жобасымен тұрғызылған. Бұл табиғи су көзінің Шилі халқы үшін стратегиялық маңызы бар еді. Енді көлдің жойылуы салдарынан ауыл тұрғындары ішіп отырған жалғыз құдықтың да суы азайып бара жатыр. Сусыз тіршілік болмайтынын біле тұра, судан тарыққан жұртшылыққа бүгінге дейін еш жағдай жасалмай отыр. Сол себепті халық көңілінде үлкен алаңдаушылық бар. Сондықтан жоғары жақтан дұрыс шешім болады деп үміт күтуде.

Жаны ашымастың басы ауырмас

Шиліліктерді интернет мәселесі ерекше мазалайды. Бөгет бұзылғаннан бері неге екені беймәлім, әлеуметтік желілер, уатсап толық істемей қалды. Тек телефон байланысы ғана бар. Бұл бөгет жағдайы жайындағы материалдар халық арасына үлкен резонанс тудырған еді. Сол тағы да эфирге шығып кетпесін деп әдейі ағытылған деген халықтың күмәні бар. Қазіргі тіршілікті интернетсіз елестету қиын, ал интернет жоқтығы мектептегі оқу үдерісіне, жалпы ауыл тұрғындарына үлкен кедергі келтіруде.

2021 жылы Шилі ауылына «250+» бағдарламасы аясында Beeline-ның базалық станциясы орнатылған. Дауыс сервистері ұйымдастырылды. Алайда, жер бедерінің күрделілігіне және қолданыстағы базалық станция-
лардың едәуір қашықтығына қарай, байланысқа жерсерік арнасы арқылы қосылған. Өкінішке қарай, жерсерік арнасындағы мобильді интернеттің жылдамдығы өте баяу. Мәселеге қатысты байланыс операторына сұраныс хат жіберген едік, жауап келді.

«Мәселені шешу үшін, радиореле желілері (РРЖ) арқылы тартылатын жерүсті байланыс арнасын ұйымдас-
тыру керек. Ол үшін РРЖ арналарын кеңейту, биіктігі ең кемі 75 метр екі діңгек, сондай-ақ осы діңгектерді электр желісімен жабдықтау – әрқайсына 0,4 вВ желі тарту керек. Осы екі діңгектің құрылысы біткен соң ғана біз Шилі кентіндегі жерүсті байланыс арнасын іске қосу туралы және 3G, 4G желілері арқылы кеңжолақты мобильді қосылуды толық қолдау туралы айта аламыз. Қазір мемлекет діңгектерді салуға және оларға электр қуатын тартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда, жоба қомақты қаражатты қажет етеді және оны жүзеге асыру қиын екенін атап өту керек», – делінген жауапхатта.

Сонда қалай болғаны, Beeline KZ алғашында Шиліге жер бедерін есепке алмастан, әйтеуір орнатылды деген аты үшін ғана байланыс тартқан ба? Есеп бергенде ауыл интернетпен қамтылды делінген, ал іс жүзінде алдау ғана ма? Жауапқа қанағаттанбадық. Мәселен, ешқандай діңгексіз ауданнан 170 шақырым жердегі Бірәлі қонысында тіптен жарық тартылмаған жерде интернет жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарын алдағаны жарамады.

Баяғыда Бәйкен деген біреу «жұрт не десе о десін, маған Бәйкен қатын алды деген ат болса болды» деген екен. Сол айтқандай, Beeline-дікі сол Бәйкен қатын алдының кері болыпты.

Әйтеуір Шиліге келгендердің жер бедерін есепке алмауынан халық зардап шегіп жатыр. Жер бедері, ерекшелігі ескерілмей бөгет жобаланады, тағы солай ұялы байланыс орнатылады. «Құлықсыздан көріксіз бала туады» дегендей, халыққа жаны ашымастың, қалай болса солай жұмыс атқарудың нағыз мысалы.

Малды тегін береді

Ауылда 100 жылдан астам тарихы бар Қайнекей Жармағанбетов атындағы орта мектеп бар. Бүгінде 58 бала ғана білім алып жүр. Орта мектеп болуы үшін негізінде 81 оқушы керек екен. Осы кемшілікті жою үшін ауыл халқы көп жұмыс атқарған. Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан көп балалы отбасылар алдырып, оларға үй-жайын, 5 ірі қара, 10 шақты қой-ешкі тегін беріп, екі жылдық отын-шөбін өз мойындарына алған.

Бұл тұрғыда ауыл тұрғындарының тіршілігі құптарлық. Мектеп түлектері ұйымдасып, қаражат жиып, ауыл мектебін абаттандырып, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жерлестеріне арналған ескерткішті жөндеп, мешіт салып, ауыл зиратын қоршады. Халық ұйымшыл, сүттей ұйып, ауылды сақтап қалуға мүдделі. Осы ретте тағы да отбасылар әкелгілері келеді. Алайда ауылда бос үй жоқ. Сондықтан халық 4-5 үй салып берсе деген өтініш айтады. Егер үй болса бұрын көшіп кеткен ауыл тұрғындары да қайтып келгісі келеді. Шилі жұрты келген отбасының қайсысына да тегін мал береміз деп отыр.

Ауылдың ендігі бір проблемасы – медициналық қызметкердің жоқтығы. Дәрігерлік фельдшерлік пункт, жедел жәрдем көлігі тұр, бірақ қызметкер жоқ.

Шилі аудан орталығынан 120, облыс орталығынан 400 шақырым қашықта орналасқан. Жол жағдайы сын көтермейді. Алайда, ауыл тұрғынының Қостанай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасына жазған хатына аталған мекеме басшысы О.Нұрғалиев «Торғай-Шилі-Аралкөл 66-98 км автомобиль жолында ағымдағы жөндеуге конкурс жарияланғанын және орташа жөндеуге техникалық құжаттама жоспарланғанын» хабарлаған жауап келді. Халық осыған үлкен үміт артып отыр.

Қазіргі таңда ауыл әкімінің есебі бойынша тұрғындардың қолында 1770 бас жылқы, 867 сиыр, 1820 қой-ешкі бар. Бұлардың барлығы табиғи су көзін талап етеді, биылғы көлде қалған су қолда бар малды толық сумен қамтамасыз ете алмайды. Әрі ол су алдағы бір ай көлемінде мал ішуге жарамай иістеніп, сасып кететіні анық. Сондықтан биыл бөгет салынбаса келесі жылы да көлде су қалмайды деп халық зар жылап отыр. Кезінде шылқыған бай, жерінде 134 түрлі шөп өсетін шұрайлы өлке елсіз мекенге айналуы мүмкін… Десек, «Үміт соңғы өледі» деген бар. Осы айтылған мәселелерді хатқа тізіп, облыс әкіміне де жолдадық. Алдағы күннен күдер үзген жоқпыз.

 

Сұлтанғали ОСПАНОВ,

Халық ағарту ісінің үздігі,

Анар ТӨЛЕУХАН журналист.

Жаңалықтармен бөлісу