«Шоқан ізімен»: баспасөз туры қорытындыланды

«Шоқан ізімен»: баспасөз туры қорытындыланды

Биыл өңірде «Шоқан Уәлиханов ізімен» баспасөз туры ұйымдастырылған еді. Ғалымның туған жерінен басталып, Ресейге шеру тартып, рухы мәңгі дамыл тапқан мазарына дейінгі жолды қамтыған сапар бірнеше айға ұласты. Экспедицияның қорытындысы туралы бастамашы топ баспасөз мәслихатында баяндап берді.

Келер жылы даңқты қазақ ғалымының туғанына 190 жыл толады. Осыған орай тарихи тұлғаның кіндік қаны тамған өңірден баспасөз туры жолға шыққаны туралы газетімізде бұған дейін де жазған едік. «Шоқан Уәлиханов ізімен» жобасын Сарыкөл ауданы әкімдігінің тапсырысымен «Жанашыр бол» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Сапарға қатысушылар жобаның негізгі мақсатын түсіндіріп, тур қорытындысын жариялады. Олардың айтуынша, ғалымның өмірдерегі төңірегінде екіұшты, даулы мәселелер аз емес. Солардың бірі Шоқан Шыңғысұлының туған жеріне байланысты. Әр жердегі деректерде әртүрлі айтылып келеді. Бірі Шоқанды Сырымбетте, енді бірі Құсмұрында, тағы басқалары Күнтиместе туғанын алға тартады. Соңғы нұсқаның дұрыс екенін айғақтайтын материалдар «Қостанай таңы» газетінде аз жарияланбағанын көзіқарақты оқырман жақсы білер. Сарыкөл ауданы Мәдениет бөлімінің жетекшісі, тур мүшесі Нұрсұлтан Шүленов те брифингте осы мәселенің түйінін қоятын кез келгенін айтты.

«Соңғы 15 жылдағы көптеген зерттеу ұлы ғалымның Күнтиместе туғанына дәлел ұсынумен келеді. Біздің жобамыздың бір мақсаты да осы мәселеге терең бойлап, зерттеп-зерделеп, нүктесін қою еді. Зор нәтижеге қол жеткіздік дей аламыз. Сырымбеттен Санкт-Петербугке дейін ұзақ жол жүрілді. Ғалым жерленген Алтын Емелге де ат шалдырдық. Жиған қорымыз, қол жеткізген рухани олжамыз аз емес. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады», – дейді Нұрсұлтан Жұмаділұлы.

Сапарласының сөзін облыстық мәслихат депутаты, соңғы жылдары Шоқан өмірдерегін зерттеумен шұғылданып жүрген Динара Өтебаева да құптап отыр. Ол да ғалымның туған жері Күнтимес екенін көптеген зерттеу, мұрағат деректері, кітап материалдары айқындай түсетінін айтады. Құсмұрын – Шыңғыс сұлтан 1840 жылы, яғни Шоқан туғаннан кейін қоныс тіккен мекен. Ал Сырымбетте ғалымның балалық-жастық шағы өткені көп ізденісті қажет етпейді. Ендігі мәселе ұлы тұлғаның туған жеріне лайықты деңгейде көңіл бөлу болса керек. Бұған дейін де жазғанымыздай, Күнтиместе ашық аспан астындағы музей салу, еңселі ескерткішін орнату, сондай-ақ облыс орталығында Шоқан атындағы саябақ ашу бастамасын іске асыру көзделіп отыр.

 «Сондай-ақ ардақты тұлғамыздың 190 жылдығында Қазақстан мен Ресейде ғылыми-мәдени іс-шаралар легін өткізу жоспарымызда бар. Бұл жоспармен Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевты, ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі өкілдерін хабардар еттік. ҚР Бас Консулдығының Омбыдағы және Санкт-Петербургтегі өкілдерінің қолдауына арқа сүйегелі отырмыз», – дейді Динара Өтебаева.

Баспасөз турынан алған әсерін облыстық мәслихат депутаты Александра Серғазинова да бөлісті. Қазақстанның өзге өңірлеріндегі, Ресейдегі Шоқанға деген құрмет туған жеріндегіден жоғары екені таңғалдырғанын айтады. Омбының басты көшелерінің біріне қазақ ғалымының есімі беріліп, үлкен ескерткіші қойылған. Ал кіндік қаны тамған өңірде дымнан-дымы жоқ екені ұят та болса шындық.

«Біздің өңір әйгілі жерлесіміздің есімін ардақтауды әлдеқашан қолға алуы керек еді. Ескерткіш пен әсем саябағының және ашық аспан астындағы музейінің салынуы міндетті деп санаймын. Омбы өлкетанушылары мен Алтын Емел мемориалды кешенінің қызметкерлері Шоқанның 190 жылдығында туған жеріне, Қостанайға келеміз дегенде бетімізден отымыз шығардай ұялдық. Сол кезде көкейімізге «оларға не көрсетеміз?» деген сұрақ келіп кептетілді. Өйткені көрсететін дымымыз жоқ. Біз, Қостанай облысының тұрғындары, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», – деп толықтырды әріптестерінің сөзін Александра Серғазинова.

Оның айтуынша, бұл шаруаны қазіргі буын атқармаса, бізден кейінгі ұрпақ оған көңіл бөледі дегенге сену қиын. Сондықтан қалайда келешек үшін тарихи мұрамызды сақтаудың, жаңғыртудың, насихат етудің мән-маңызы өте зор.

Спикерлердің ақпаратына сүйенсек, қостанайлық мүдделі топ Ресейдің Омбы және Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде Шоқан өмірінің беймәлім тұстарын әлі де зерттеуге ниетті. Ал жуық арада алғашқы баспасөз турының қорытындысы негізінде дайындалған брошюра жарияланып, «Шоқан Уәлиханов ізімен» атты деректі фильм жарыққа шығады. Бұлардың таныстырылымы қараша айында Сарыкөл ауданында өтпек.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Жаңалықтармен бөлісу