Қазақтың құдіретті күйшісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Секен Тұрысбеков таяуда Тобыл өнеріне келіп, қайталанбас өнерімен тыңдармандарын тәнті еткен еді. Айтулы концерттен соң аты аңызға айналған тұлғамен сұхбаттасудың ретін таптық. Ол бізге ұлт өнері, жеке шығармашылығы және көкейін кернеген түйткілді мәселелер төңірегінде сыр шертті.
– Күй өнерінің кешегісі көбімізге мәлім. Бүгінгі халі қалай? Қандай кемшілік немесе артықшылық байқайсыз? Сосын, күйді мектептерге бөліп-жіктеуге деген көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы, күй деген бір-ақ ұғым ғой. Алайда біз оны «төкпе», «шертпе» деп екіге бөлеміз. Оның сыртында, дауылпаз күйлер, нақысты күйлер, философиялық күйлер деген сияқты түрлерге де жіктеп жатамыз. Әлбетте, батыс, арқа, алтай күйлерінің әрқайсысында өз арнасы, ерекше иірімдері, бөлекше жолдары бар, олар бір-бірін толықтырушы мәнге ие десек, қателеспейтін болармыз. Егер күй біткеннің бәрі бір жақты ғана болса, ол осы өнердегі аздаған әлсіздігімізді де көрсетер ме еді. Сосын, әр заманның өз күйі, өз ырғағы бар, әр дәуірдің әуен-сазы сол уақытты суреттейтін қасиетке ие болуы керек. Өз түсінігімде күйдің де, әннің де шарықтау шағы ХІХ ғасыр ма деймін. Небір жауһар-жақұт туындылар осы кезеңде туды. Содан кейін 70 жыл бойы осынау ұлт өнері қыспаққа түсті, қанаты қырқылды. Ал ХХ ғасырдың ортасынан бастап, Ахмет Жұбановтар, Ғабидолла Тостанов, Мәлгеждар Әубәкіров, Кенжебек, Нұрғиса, Төлеген Момбеков, Әбдімомын Желдібаев, кешегі 61 жылы дүниеден озған Сүгірлер күй өнеріне қайта жан бітірді. Олардың ізін басып біздің буын келді. Енді, кейінгі уақытқа зер салып қарап отырсаң, ән-күйлердің кешегімен салыстарғандағы әлсіздігін аңғарасың. Асқар ағам (Сүлейменов – ред.):«Ән шығарушылар аз емес, күй шығарушылар көп емес», – деп айтушы еді. Расында да, күй шығару, онымен тыңдаушының талғамын қанағаттандыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – бабаларымыздан қалған, халтураны көтере алмайтын ең бір бекзат өнер. Біз қалайда ескі дәстүрді сөндіріп алмауымыз керек, жаңғыртуымыз қажет. Ол келер ұрпақтың міндеті. Әрине, «күй жазбадың» деп жұртты кінәлауға да болмайды. Табиғатыңда жоқ болса, өз-өзіңді зорлау, қиыннан қиыстырудың қажеті жоқ, оған өнер бағына да қоймайды ғой. Бұл, өзі, көп ізденісті талап етеді, халықтың дүниесін, құдіретті күйлерін бойыңа сіңдіріп ал, содан кейін барып шығармашылыққа бой алдырған жөн шығар. Әрине, өсіп келе жатқан жастарға қарап, «осыған да тәубе» дейсің. 70-80 жылдармен салыстырғанда, жетістіктері аз емес. Бағыттары, аяқ алысы жаман емес. Техникалық жағынан әлдеқайда өсті. Алайда техникаға сеніп күйді әуезінен, табиғатынан ажыратып алмау керек. Бетін ғана қалқымай, терең үңілу, әрбір дыбысқа бойлау қажет. Бүгінде күйді жалаң, қасаң нотаға байлап қоятындар көп, асылында, оның әрқайсысына жан бітіру, тірілту шарт, күйші әр дыбысқа мән беруге тиіс. Зырылдатып үстірт, сабалап ойнауды күй өнері көтермейді.
– Секен Тұрысбеков дегенде әр қазақтың есіне бірден «Көңіл толқыны» түсері анық. Осы бір керемет туындының шығу тарихын айтып бере аласыз ба?
– Күй қай уақытта туады? Шығармашылық адамына түрлі жағдаяттар, көңіл-күй, тебіреністі сезім, сосын адамның жеке тағдыры әсер етпей тұрмайды. Мен әр уақытта «қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады» деп айтып жүретінмін. Әрине, қайғы-қасіреттің бетін аулақ қылсын. Адамның ондай бұлтты күндері немесе шабытты шағы болады. Енді, «Көңіл толқыны» күйінің басымнан өткен қайғылы жағдаймен байланысы бар. Бұл 24 жасымда жазылға күй еді. 22 және 23 жасымда Анар, Жанар деген екі қызымнан айырылдым. Екеуі де екі жасында, тәтті кездерінде қаза болды. Аралары тура бір жас болатын, біріншісінен көз жазып, есеңгіреп жүргенімде, бір жылдан соң екіншісін жер қойнына тапсырдым. Адамның ішіне түскен қасірет терең бір түкпірінде жұмбақ болып жатады да қояды, өзінің шешімін қай уақытта табатыны беймәлім екен… 1985 жылы Мәскеуге 12-ші дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне бардық. Сонда қаланың сыртында сейіл-серуенге шығып, орманның ортасында жүр едік, аяқ астынан жаңбыр төпелеп жауып берді. Бәріміз пана іздеп, жан-дәрмен тығылып жатырмыз. Автобус алысырақта, ары жақта қалған. Неғұрлым жақын жерге қарай барып жасырынасың ғой. Қарасам, ағаштан салынған, терезелері ашық,екі жақ қабырғасы құлап қалған алқам-салқам ескі үй тұр екен. Сол жерге барып жаңбырдан жасырындым. Дүние жүзінен жиналған жастардың көбі нөсерге қарамайды. Ойнап тұрған музыкаға билеп жүр. Бірінің тілін бірі білмесе де, ұқпаса да музыка бәрін үндестіріп жібергендей. Мен өзіммен-өзім бұрышта тұрғанмын, алдыма кішкентай бір көлшік пайда болып, соған төбеден тамып тұрған тамшы құлағыма кенет ырғақ болып келе бастады. Жақсы бір әуен ойымда құрала берді. Сол әуенге елтіп барамын. Басыма әуенмен бірге қосарласа келгені – «іштегі жұмбақ шешімін табиғаттан тапқан сияқты-ау» деген ой. Бір уақытта жел жаңбырды қуалап әкеліп, қабырғаға соғады, бір мезетте тып-тыныш бола қалады да, қайтадан төпелейді, енді бір жағыңда гүлдің басын ырғап-тербеген жел әлгі әуенімді басқа қырынан дамыта түседі. Осындай бір тылсым өзінен-өзі құлағыма сыбырлады да отырды. Қолымда не домбыра жоқ, қағаз да, қалам жоқ, тек ыңылдаумен тербеліп, буын-бунағын, иірімдерін ішімнен қайталай бердім (осы жерде күйді әндете жөнелді – ред.) Жаңбыр басыла салысымен, жан-жағыма қарамастан, бірден автобусқа қарай баса жөнелдім. Аспапты қолыма алып, жаңағы ырғақты домбыраға салдым. Одан соң «қонақ үйге тез жетсем екен» деген асығыстық мазамды қашырсын. Бөлмеме жеткен бойда әуенді бірден нотаға түсірдім. Міне, «Көңіл толқыны» осылай дүниеге келген еді. Қырық күн мәскеуде болдық. Кейін Үндістанға баратын болып, осы күйді апыл-ғұпыл ансамбльге түсірдік. Шығарма балаларға да бірден ұнай кетті. Аранжировкасына отырып, «сен мынаны, сен ананы ойнайсың» деп, асығыстау құрып шығардық. Сол аранжировка бастапқы күйінде қалды: не қосылған жоқ, не кеміген жоқ.
– Осы күй жапондарды ағыл-тегіл жылатыпты деген оқиғаны естіген едік. Соның жалған-шынын өз аузыңыздан естігіміз келеді, аға.
– Ол рас, енді. «Көңіл толқынын» тартып болғаннан кейін бұл күйдің не туралы екенін, қандай оқиғаға, құбылысқа арналғанын сұрады. Шығармамның бүкіл тарихын айтып отырамын ба? «Күй Семей, Невада, Хиросима, Нагасакиге арналған» дедім. Осыдан кейін туындыны қайтадан орындап беруімді сұрады. Күйді орындап болғаннан кейін жылап отырған жапондар тағы бір мәрте орындап берші деп қолқалады. Сөйтіп, көз жастарына ерік бергендеріне қарағанда, күйімнен ұлттық қасіреттерін сездіретін үн, ырғақ, толқын естісе керек. Көрдіңіз бе, күйдің «тарихын» айтқаннан кейін тыңдарманыңды соған байлайсың, сол мазмұнға қарай ыңғайлайсың… Бұл, енді, осыдан 13-14 жылдай бұрын болған оқиға еді.
– Күйдің тарихын айту дегеннен шығады, қазір концерттерде күйдің атауы мен орындаушының аты-жөні хабарланады да, шығарма ойналып, көрермен қол соғып шығарып салып жатады. Ол туындының мән-мазмұнын жете түсінгендер аз-ау деген күдікте қаласың. Басында күйдің қысқаша тарихын айта өтуді әдетке айналдыру керек деп ойлайсыз ба?
– Сөзіңнің жаны бар. Кез келген шығарманың, оның ішінде күйдің қысқа-нұсқа аннотациясынан ақпар беру – күйдің образын болжау үшін керек дүние. Қазір орындаушының өзі күйдің мазмұнын, тарихын, оның шығу себебін білмей ме деген ойда қаласың. Сондықтан ең әуелі күйшіге туындының алғашқы нотасын тани бастаған сәттен ұстазы баянын айтуы, жетесіне жеткізуі керек. Ол шәкіртінің ары қарай образға енуі, шығарманың мінезін беруі үшін қажет қой. Бірақ егер шеберлік жоғары деңгейде болса, күйдің тақырыбын-ақ естіген жұрттың көз алдына оқиға образын әкелуге болар еді деп есептеймін. Мәселен, «Ақсақ құлан», «Бұлбұл», «Аққу», «Ақсақ киік» секілді күйлер өздігінен «сөйлеп» тұрған туындылар емес пе. Сондықтан ең бірінші мәселе дұрыс жеткізе білуде болса керек. Ал қалың жұртқа, әсіресе, өскелең буынға күйлердің қысқа-нұсқа тарихын айтып барып орындағанның әсері, ықпалы, тыңдарманның қабылдауы жақсырақ бола түсеріне дау жоқ. Ол жөнінде жоғарыда да бірер ауыз пікір айта өттім ғой. Бір жағынан, күйді әркім өзінше қабылдап, көрінісін өзінше елестетіп, қиялымен «сурет салғаны» да дұрыс тәрізді көрінеді.
– Сіздің авторлық әндеріңіздің бар екенін де білеміз. Эстрада жұлдыздарының орындауында тыңдап жүрміз. Ұзын саны қанша ән жаздыңыз?
–30 шақты әнім бар. Қазір қайсыбірі еске түсе қояр екен? «Аспара», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Ерке құсым», «Тарбағатай», «Аққу сазы», «Домбыра досым», «Бауырым, сонау күн қайда?», «Қос жұлдызым», «Айхай, заман», «Ұлыма», «Қызыма», Абайдың өлеңіне жазылған «Толғау», тағысын тағы… Әнді қайдам, әйтеуір 15 күй шығарғанымды анық білемін. Негізі, күймен «ауырғаннан» кейін ән өзім үшін екінші кезекте тұрады.
–Қазір күйді мың-екі мың адам болып тарту сәнге айналды. Оны флешмоб деп атап жүрміз. Қалай ойлайсыз, бұл насихат па, науқангершілік пе?
–Ұрпақтың ұлттық өнерге деген құлшынысын ояту үшін қажет дүние деп есептеймін. Пайдасы болмаса, зиянын көріп тұрғаным жоқ. «Әр шаңырақта, әр үйдің төрінде домбыра ілулі тұруы керек» дегенді жиі айтамыз ғой, мұндай іс-шаралар сол мұратымыздың орындалуына апаратын баспалдақ десек болар еді. Керек десеңіз, бұндай ұйымдастырылымдар жастардың басқа дүниемен әуестеніп кетпей, руханиятқа, өнерге деген іңкәрлігінің оянуына жетелемек. 70 жыл құндылықтарымыздың құлдырағанын көзімізбен көріп, көкейімізбен сездік қой. Елестетіңізші, сол алағай-бұлағай шақтарда Алматыда №12 жалғыз қазақ мектебі және «Ер Төстік» атындағы бір ғана балабақша қалған-ды. Тіл мен діл талмаусырап, сөнудің аз алдында тұрды. Сонда оқып жүрген балалар сабақ үстінде ғана қазақ тілінде сөйлегенімен, үзіліс кезінде бәрібір орысша шүлдірлейтін. Екі тілді бірдей алып жүрген бала көп кезікпейтін. Не керек, қайтадан «қанымыз толығып», рухымыз сілкіне бастаған тұста, домбыра насихатын жылдап жылжытып жүріп, ілгерілете бердік. Тәуба, аз уақыт ішінде балалар мен жастардың ұлт аспабына деген ықыласы оянды. Санаулы жылда-ақ 27 мың баланың домбыра үйірмесіне баруы деген керемет жетістік қой. Бертінде әр облыста екі мың, 3-4 мыңның айналасында топ жасақталып, флешмоб арқауымен қазақ күйін әуелетуі әсерлі көрініс деп айтуға болады. Орыстың бүйірінде отырып, бір Қостанайдың өзінде 1,5 адамның жаппай күй ойнауы игі бір үрдістің бастауы деп білемін… Бірнеше жыл бұрын «Ақжауын» оркестрімен Бейжіңге концерт беруге бардық. Алтайдың арғы жағында Күйтің деген керемет қала бар екен, одан әріректе, екі таудың ортасында Толы деген елді мекенді көрдік. Міне, сол аймақтағы 10 555 адам стадионда асқақтата күй тартып, «Гиннестің рекордтар кітабына» енді. Қиырдағы қытай жерін мекендеген қазақтардың ұлтжандылығын, қазақы рухын қараңызшы! Ал біз өз жерімізде, елімізде отырып, осы күнге дейін мың адамның бір мезетте домбыра ұстағанын мақтан тұтамыз.
– Сізді қоғамдағы қандай мәселелер алаңдатады?
– Әлбетте, бірінші кезекте рухани мәселелердің толық шешімін таппай келе жатқаны жанға батады. Тілмен алысып келе жатқанымызға 30 жыл болды. Есепші болмасам да айтайын, алғашында тілді дамытуға 56 млрд теңге ақша бөлінді дейді. Ал соның 6 млрд теңгесі жұмсалды ма, жоқ па, қалған елуін қайда жіберді? Қазақтікі тек қанау, өзін-өзі қанау. Өйтіп айғайлатпай, «жаппай балабақшамыз қазақша болады, ескертеміз, он жылға таяу уақыттан кейін мектептің бәрі қазақшалана бастайды, бізге мұндай «үлгіні» орыс көрсеткен еді» десе болмай ма? Ақырында 11-ақ жылдан соң, балалар мектеп бітіретін кезде жоғарғы оқу орындары өздігінен жаппай қазақша бола бастамас па еді? Осылай балта шапқандай қылып жасамаса, сағызша созғаннан не өнеді? Өз елімізде түк істей алмай отырғанымыз өтірік деші? Ананың-мынаның қабағына қарап, «өйтер ме екен, бүйтер ме екен?» дей берсек, ісімізді өндірмейміз ғой. Осындай хәлді, қауһарсыздық, бассыздықты көріп отырып, кейде қаның басыңа шабады. Айналаң – алдау-арбау, кімге сенсең, сол шикі, тек басшыға жағыну, соның алдында жүгіріп, жарамсақтану… Басқа көретін, еститін мардымды не бар? Өнер, мәдениетке деген көзқарас сол төменшік күйінде. Мәселен, оркестрдегілердің, домбырашылардың тапқан табысы 150-170 мың теңгеден аспайды. Онымен қайтіп жан боласың? Киінбейсің бе, тамақтанбайсың ба, балаңды асырамайсың ба, ұрпақ қалай көбейеді? Театрдың тағдыры ол. Басқа тартсаң, аяққа жетпейтін айлыққа байлап қойып, «рухани жаңғырған елміз» деп кеуде соғамыз. Ал, енді, осыдан кейін жастарға «музыкаға кел», «өнерге бар-ей» деп қай бетіңмен айтасың? Анандай аз айлыққа айдасаң да бармайды. «Өй, қойшы, одан да эстрадаға, той-томалаққа барып, табыс тауып жүргенім жақсы» дейді де. Осындай пікір қалыптасуы заңды емес пе…
Сондықтан, ең бірінші рухани салаға мән берілуі керек. Асылында, өнерге жақын адамның жаны сұлу, табиғаты таза, болмысы бөлек, өзі алданбаса, біреуді алдауға құштар емес тұлға болып жетіледі. Осындай азаматтар санаты көбейгенде ғана қоғам өзгереді, өмір өзгереді. Қазір қарап отырсаң, жұрттан жылы қабақ көрмейсің ғой. Көңілі тоқ адамды адым сайын көзіңіз шала ма? Әйтеуір жетіспеушілік, бітпейтін «мына шаруам бар, анау шаруам бар», таусылмайтын күйбең. Жыл сайын «қағазда пайызы өсіп отыратын» сенің экономикаңның ешкімге керегі жоқ. «Осыншама байлығым бар» дейтін мемлекеттің халқының сиқы осы. Жұрттың жағдайы болатын болса, сол руханият, өнер, әдебиет, мәдениет, театр, салт-дәстүр, киноңа көңіл бөле бастар еді ғой. «Ораза-намаз тоқтықта» деген бар. Жағдайы оңбай жүрген адамға сенің өнеріңнің неменеге керегі бар? Ауызды қу шөппен сүрткендік емес, құдайға тәуба, балаларын өнерге жетелеп, театрға, концерттерге апаратын есті азаматтар да баршылық қой. Бірақ сапаның саннан шығатынын ескерсек керек. Шекесіне шеге қақса кірмейтін өңкей шешектер, құлқынның құлына айналған, не сөз парықтамайтын, не күйдің нарқын білмейтін көп кердеңбейды көргенде қарынның ашатыны ғой…
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Жандос Жүсіпбек