Сарыкөл ауданында жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың есебі берілді

Сарыкөл ауданында жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың есебі берілді

Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғарин соңғы төрт айда атқарылған жұмыстар, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, алға қойылған жоспарлар мен міндеттер туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімет берді.

Ауданның әл-ауқатын арттырудағы жетекші сала – ауыл шаруашылығы. Оның басым бағыттарын қуаттандыра түсу – қашаннан-ақ маңызды міндет. Сондықтан маусымдық жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруға ерекше ден қойылады. Айталық, бүгінгі таңда ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аудан диқандары егіс жұмыстарын толық аяқтағалы отыр. Олар елдегі ірі корпорациялардан демеу қаржы алға.

«Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін ауданның 33 кәсіпкері «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на 597 млн теңге несие алу үшін өтінім берді. Қазіргі уақытта олардың 25-не 478 млн теңге төленген. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-на жаппай астық және майлы дақылдар сатуға 18 өтінім берілді. Мұның нәтижесінде биылғы орақ маусымынан 1,6 млрд теңгеге 19 мың тонна өнім өткізілуге тиіс. Бүгінде аталған соманың 1,2 млрд теңгесі мақұлданып отыр», – деп баяндады аудан әкімі.

Мұның сыртында, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 5%-дық жеңілдетілген несиелендіру игілігін иеленіп жатқан диқандар да бар. Қазіргі сәтте 3 млрд теңгеден астам қаржыға өтінім беріліпті. Бұдан бөлек, мемлекет литрін 250 теңгеге бағалап, арзан құнмен дизель отынын беріп жатыр. Бүгінде сарыкөлдік 265 кәсіпкер 3,5 мың тоннадан астам жанар-жағар майға қол жеткізген. Мұның сыртында, диқандар 4 мың тонна тұқым алған. Олардың жартысына жуығы элиталы тұқым саналады.

«Жалпы, тұқым сұрыбын жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Биыл 4,8 пайызға жаңартылғанын айта кетейік. Осы жылы ауданда «Сатаев» ШҚ тұқым өсіру шаруашылығын қолға алған еді. Бұл қожалық облыс аграршылары үшін бірінші репродукциялы 1,9 мың тұқым әзірледі», – деп отыр А.Балғарин.

Биыл ауданда 341,5 мың гектар алқапқа дән сіңіріліп отыр. Барлық қажетті жағдай жасалып отырғандықтан, жер төсін емген шаруалардың алдындағы ендігі міндет – астықтың бітік шығуын қамдап, көл-көсір өнім алуға күш салу.

Сарыкөл өңірінде мал шаруашылығын өрістетуге де мейлінше ден қойылып отыр. Дей тұрғанмен осы салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Солардың ең негізгісі – жайылымдық жерлердің жетіспеуі.

«Осы түйткілді шешу үшін қолданылмай жатқан және заңға қайшы келетін айлалармен берілген жерлерді қайтару жүмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына арналған төрт жер учаскесі қайтарылды. Крылов, Үлкен Дубрава, Злотоуст, Урожайный ауылдарында 2,8 мың жер халық игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – дейді аудан басшысы.

Әкім берген мәліметке сәйкес, ауданда мал бағумен 154 шаруашылық айналысса, солардың төртеуі «асыл тұқымды көбейтушілер» мәртебесіне ие. Соңғы дерек бойынша, осы саладағы өнім табысы 1,5 млрд теңгеден асып түскен.

Өңрдегі өңдеу өнеркәсібі, тауар айналымы және негізгі капиталға түсетін инвестиция көлемі арта түскен. Жыл соңына дейін ауданда 11 инвестициялық жоба жүзеге асқалы отыр. Жол жөндеу, ауыз сумен қамту, құрылыс жұмыстарын ілгерілетуді де жоспарға сай жүргізу көзделіп отыр.

Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.

Жаңалықтармен бөлісу