Наурыз мейрамы қарсаңында аудан орталығында «Сұңқар» аталатын жаңа кешен ел игілігіне берілді.
Көркі көз тартатын еңселі спорт нысаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске қосылып отыр. Жергілікті халық асыға күткен кешеннің ашылу салтанатына қалың қауым жиналды. Аудан әкімі Марат Шымырбеков құттықтау сөзінде мұның мән-маңызы зор екенін ерекшелеп айтты.
«Кешеннің Наурыз мейрамының қарсаңында ашылуының да мәні бар. Осы мейрамның тұжырымдамасына сәйкес, 20 наурыз Ұлттық спорт күні болып белгіленген. Жаңа жыл қарсаңында жаңа нысан ашу – қоғамның дамуына, саламатты өмір салтының нығаюына жасалған маңызды қадам. Сұңқар қыран тектес құстардың ішіндегі ең ұшқыры. Қазақ халқы сұңқарды жылдамдығы, тектілігі үшін ерекше қастерлейді. Спортшыларымыз да сұңқардай қырағылық пен шапшаңдық танытып, шетелде даңқымызды асқақтатар деген ырыммен кешен атауын «Сұңқар» атадық», – деді аудан әкімі.
Кешеннің жалпы аумағы – 1000 шаршы метр. Мұнда баскетбол, волейбол, гандбол, бадминтон, үстел теннисі, шағын футбол, гимнастика, аэробика жаттығулары өтеді. Сондай-ақ жеткіншектер мен жастар күрестің де бірнеше түрімен шұғылдана алады. Жалпы, ниет білдірген кез келген тұрғынға кешен есігі ашық. Заманауи екі қабатты нысанда спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Жуыну, киім ауыстыру бөлмелері жайлы, спорт құрал-жабдықтары сайлы.
«Мұндай кешеннің пайда болуын біз қырық жыл күттік. Әрине, Сарыкөлде спорт залдар болды. Бірақ олар ведомстволық емес еді, яғни мектеп жанындағы залдар-тын. Жасөспірімдер мен жастар, командалар спортпен шұғылданатын нысан болмады. Тілегіміз қабыл болып, керемет кешен бағымызға бұйырып отыр. Енді мұнда қысы-жазы кез келген ойын түрінен жарыстар өткізе аламыз. Облыстық спартакиадаға және басқа республикалық, халықаралық бәсекелерге дайындығымыз да енді сапалы болады деп сенемін», – дейді «Сұңқар» КММ жетекшісі Юрий Степин.
Оның айтуынша, мұнда қазірден бастап үйірме-секциялардың кестесі құрылған. Нысан бір күнде 200-ге тарта адам қабылдайды. Ал ұжымда жаттықтырушылар, инструкторлар және шаруашылық қызметшілерін қоса есептегенде 38 адам жұмыс істейді. Кешеннің ашылу салтанатына және Наурыз мейрамына орай волейболдан және еркін күрестен аудандық турнир өткізілді.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Руслан ӘЛКЕЕВ