Өңірде тасқын қатері бар елді мекендерде жануарлар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Өңірде тасқын қатері бар елді мекендерде жануарлар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Қостанай облысында үй жануарлары су тасқыны қаупі бар аймақтардан көшіру шаралары белсенді жүргізілу үстінде.

Ауыл шаруашылығындағы шығындардың алдын алу және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен эвакуациялау орындарының картасы әзірленді. Онда мал басының саны мен көшіру бағыттары көрсетілген.

“Арқалық қаласында Екідің, Қайыңды, Әбдіғапар хан және Жалғызтал елді мекендеріндегі 14 шаруа қожалығының малы қауіпсіз жерлерге көшірілді. Аманкелді ауданында 77 қожалықтың 43 қыстағынан, соның ішінде Үрпек, Қабырға және Құмкешу ауылдарындағы мал иелері малын қауіпсіз аймаққа шығарды. Қалған 34 қожалықтың малын 20 наурызға дейін көшіру жоспарланып отыр. Мал иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, малды орналастыруға арналған орындар дайындалып, жем-шөп қоры қамтамасыз етілді”, – делінеді облыс әкімдігінің хабарламасында.

Жанкелдин ауданында да су тасқыны қаупі бар аймақтар зерттелді. Қауіпті аймақта орналасқан 41 шаруа қожалығы анықталып, жергілікті тұрғындарға ақпарат берілді. 19 наурызға дейін 13 қожалықтың малы қауіпсіз жерге көшірілген.

Мал эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жергілікті билік көктемгі су тасқынынан ауыл шаруашылығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Жаңалықтармен бөлісу