Еңбек адамының өмір жолы, кәсіби соқпағы – бұл тек бір адамның ғана емес, сол өлкенің, сол кәсіпорынның тарихы. Кейіпкеріміз Ертуған Құдабаев 2012 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға, Рудныйға қоныс аударған қандастың бірі.
Кеншілер қаласына көшіп келген соң алпауыт кәсіпорын «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Қашар кентіндегі кәсіпорынға құрылғылар жөніндегі электрослесарь болып жұмысқа орналасады. Сол жылдан бері табан аудармай қалтқысыз жұмысын жалғастыруда.
«Қазір ERG Service ЖШС-нің №2 техникалық қызмет көрсету және техникалық жөндеу бөлімі деп аталады. Кәсіпорын үлкен, ауқымы кең, өндірісі жақсы. Еліміздің индустриялық жүрегі деп айтуға болатын шығар. Былайша айтқанда еліміздің экономикасына зор үлес қосып отырған іргелі кәсіпорын. Біз болсақ осы алып кәсіпорынның алпауыт техникаларын үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. Өзім Өзбекстанның Науайы облысы, Құлқұдық ауылында дүниеге келгем. 1990 жылы 11 жылдың мектепті тәмамдаған соң, Бұқара қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, механизатор бөлімінде білім алдым. 1993 жылы бітіріп келген соң, Үшқұдық қаласында Науайы кен өндіру зауытында белаздардың тоқ жөндеушісі болып 19 жылы жұмыс істедім. Электрослесарь мамандығы техника мен технологияның тоғысқан жері. Біздің міндетіміз тек темірді бұрау неменсе сымдарды жалғау ғана емес. Кен байыту комбинатының жүздеген тонна тау жыныстарын өндейтін, кешенді электр жүйелері мен ауыр техникаларының жұмысын кідіртпей, дер кезінде жұмысқа сай қылып отыр», – дейді еңбек адамы Ертуған Құдабаев.
Кейіпкеріміз өз айтқандай кен байыту кәсіпорнында күшті қозғалтқыштар мен ауыр техникалардың және басқа да ірі жабдықтардың электрлік және механикалық ақауларын жойып отырады. Мамандықтың басты талабы, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Электр тогымен, ауыр техникамен жұмыс істегендегі әрбір қадам үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі заманғы кәсіпорындарда жабдықтар үнемі жаңарып отырады. Сондықтан электрослесарь – жаңа технологияларды, заманауи диагностика құралдарын үйренуге әрдайым дайын болуы қажет маман.
Кәсіпорынға алғаш жұмысқа орналасқан әр қызметкер арнайы бекітілген маманның бақылауында болады. Яғни, кәсіптің қыр-сырын толық меңгеріп кетпейінше, жетекшісі қолғабыс етеді. Өйткені, электрослесарь мамандығы ауыр, әрі жауапты қызмет.
«Кәсіпорында салада өсу бар. Жастар келіп жатыр. Тек өзімнің еңбегімді ғана емес, менің өмірлік және кәсіби жолымда кездескен әрбір адамның, әсіресе менің шәкірттерімнің үлесін де айрықша атап өткім келеді. Осы жылдар ішінде менің қолымнан тәжірибе жинаған, жұмысымның қыр-сырын үйренген шәкірттерім көп болды. Олардың әрқайсысы – менің еңбегімнің жемісі, әрі мамандығымыздың болашағы. Солардың ішінде ерекше мақтанышпен айтатын шәкіртімнің бірі Бақдәулет Сопыбеков. Бақдәулет маған алғаш келгенде, мен оның көзінен білімге деген құштарлықты, еңбекке деген ынтаны көрдім. Ол біздің ортақ ісіміздің әрбір бөлшегін, әрбір ерекшелігін тез меңгеріп қана қоймай, оны терең түсінуге тырысты. Мен оған тек электр сызбаларын немесе жабдықтарды жөндеу әдістерін үйретіп қана қойған жоқпын, сонымен қатар, еңбекке деген адалдықты, жауапкершілікті және қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын да үйретуге тырыстым. Бүгінде Бақдәулет – біздің учаскемізде бас энергетик қызметін атқарады. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, әрі ұстаз ретіндегі еңбегімнің еленгені. Шәкіртімнің өсіп-өркендеуі, оның жауапты қызметке тағайындалуы – бұл еңбек жолындағы ең үлкен марапат деп санаймын. Себебі, ұстаздың бақыты – шәкіртінің жетістігінде», – дейді білікті маман.
Осынша жыл еңбектің, маңдай тердің өтеуі де елеусіз, ескрусіз қалған жоқ емес. Ертуған Құдабаев қай кезде де басшылық назарында. Тиісті марапатқа қол жеткізіп келеді.
«ERG Service компаниясының 10 жылдық мерейтойы Павлодар қаласында өткен болатын. Сонда менің еңбегім еленіп, «Еңбек сіңірген қызметкер» деген құрметті атаққа ие болдым. Мек тек өзім ғана емес, біздің ұжымдағы әрбір қызметкер осындай атаққа лайық деп санаймын. Бүгінгі таңда еңбек адамын құрметтеудің маңызы зор. Әсіресе, бұл жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғандықтан, біздің мамандығымыздың қадірі арта түсті. Еліміздің дамуына, өндірістің өркендеуіне қарапайым жұмысшылар да зор үлес қосады. Білікті маман кез-келген өндірістің іргетасы. Әрқашан адал еңбек етіп, өз ісіме деген қызығушылығымды сақтаймын. Келген жастарға да еңбекке адал болуы үйретіп келемін», – дейді кейіпкер.
Ертуған Құдабаев жары екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы бүгінде тұрмыста. Жұмыста қаншама шаршап, қандай қиындықтарға тап болса ла, үйге келгенде жары мен балаларыңның жылы жүзін көру, олардың «әке» деп қарсы алғаны – барлық шаршауды ұмыттырады дейді кейіпкер.
«Қызым мен ұлымның өсіп-жетіліп, өмірден өз орындарын табуы – әке үшін үлкен қуаныш. Ал қызымның отбасында дүниеге келген немерем – біздің әулетімізге ерекше шаттық пен бақыт сыйлады», – дейді ол.
Сералы МЫРЗАБАЙ
