Қостанай облысында тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны жүріп жатыр Фото: egemen.k

Қостанай облысында тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны жүріп жатыр

Биылғы эпидемиялық маусымға дайындық аясында тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері арнайы брифинг барысында хабарлады.

Науқан 15 қыркүйекте басталған. Қауіп-қатер тобына жататын азаматтарды қамтиды. Атап айтқанда, вакцина бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне, балаларға, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар адамдарға және егде жастағы тұрғындарға егіледі.

Вакцинациялау үшін жергілікті бюджеттен 81 миллион теңге бөлініп, Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясынан шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 80 мың дозасы сатып алынды.

Облыстағы барлық емханаларда арнайы вакцинация кабинеттері жұмыс істеп тұр, сондай-ақ шалғай аудандарда тұратын тұрғындарға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар ұйымдастырылған. Вакциналарды сақтау мен тасымалдау талаптары толық сақталып, медицина қызметкерлері арнайы даярлықтан өткен.

Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда санитарлық-дезинфекциялық тәртіп күшейтілді. Жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау белгілері бар науқастар үшін сүзгі кабинеттері жұмыс істеп тұр. Биоматериалдарды зертханаларға уақтылы жеткізу жолға қойылған.

Қазіргі таңда облыс бойынша 273 инфекциялық төсек-орын дайындалған, оның тек 20 пайызы ғана толтырылған. Жүкті әйелдер арасында тұмау мен пневмония жағдайлары тіркелмеген. Қажет болған жағдайда қосымша төсек-орындар ашуға толық дайындық бар.

Денсаулық сақтау ұйымдары халықпен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Емханаларда профилактикалық жадынамалар мен ақпараттық стендтер орнатылып, жеке гигиена мен вакцинацияның маңыздылығы туралы түсіндірме кездесулер ұйымдастырылуда.

Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда. Медициналық мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп, кез келген эпидемиологиялық өзгерістерге дайын.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА