Кеншілер қаласындағы білім ордасына Қаныш Сәтбаевтың есімі беріледі Фото: yandex.kz

Кеншілер қаласындағы білім ордасына Қаныш Сәтбаевтың есімі беріледі

Рудный қаласының тарихы мен руханияты саласындағы үлкен жаңалық – тың тұрпатты  мектептің бой көтеріп, №2 гимназияның білім алушылары мен педагогтерін және ата-аналарды зор қуанышқа бөледі. «Келешек» мектептері қатарындағы осынау білім ордасына Қаныш Сәтбаевтың есімі беріледі деп күтілуде.

Бұл – тек ғұлама ғалымға ғана емес, қазақ ғылымына деген зор құрметтің белгісі. Әлем ойшылы Әл-Фараби: «Ғылымы жоқ елдің-болашағы жоқ», –деген екен.Білім -дүние кілті болса, ғылым оның негізгі күші, басқаша айтқанда,әлеуметтік прогрестің қуатты қозғалтқышы.

Бүгінгі білім мен ғылымның негізгі міндеттерінің бірі-интеллектуалды, озық ойлы ұлт қалыптастыру. Осы орайда жастар үшін қазақ ғылымының атасы – Қаныш Имантайұлының өмірі мен қызметі – өшпес өнеге.

Рудный қаласындағы жаңадан салынған  №2 гимназияға Қазақстан ғылымының алыбы, тұңғыш академик, геолог-ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі зор қуанышқа бөлеуі дер едік.

Бұл оқиға – тек бір білім ордасының ғана емес, бүкіл қала үшін үлкен тарихи әрі рухани маңызы бар жаңалық.

blank

Қаныш Имантайұлы – қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы, Жезқазған кен орнын ашып, еліміздің өндірістік дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға.

Ол геология саласында ғана емес, қазақ ғылымының барлық бағыттарының қалыптасуына зор ықпал етті. Оның есімі әлемдік ғылым тарихында алтын әріппен жазылған.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келді. Балалық шағынан-ақ зеректігімен көзге түсіп, білімге құштарлығын көрсетті.

Семейдегі мұғалімдер семинариясын, кейіннен Томск технологиялық институтын тәмандап, геология саласын таңдады. Дәл осы таңдауы қазақ ғылымының болашағын түбегейлі өзгертті.

Сәтбаевтың ғылымдағы ең үлкен еңбектерінің бірі – Жезқазған кен орнын ашуы. Оның зерттеулері Қазақстанды мыс өндіруден әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосты.

Бүгінде Жезқазған – ел экономикасының тірегіне айналған өңір. Мұның бәрі Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің жемісі.

1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланды. Ол көптеген ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына ықпал етіп, жас ғалымдарға жол көрсетті. Ғалым тек геологиямен ғана шектелмей, тарих, әдебиет, этнография салаларына да үлес қосты.

Сәтбаев ғылымды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күші деп білді. Оның басты арманы – Қазақстанды білімді, мәдениетті, ғылымы дамыған мемлекетке айналдыру еді. Сол үшін ол жас буынға қамқор болып, ғылымға ұмтылған жастарды қолдады.

Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының шамшырағы, жарық жұлдызы. Оның есімімен университеттер, мектептер, көшелер мен ғылыми орталықтар аталады. Оның еңбектері бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.

№2 гимназия – Рудный қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі. Мұнда жаңа салынған мектепте мыңнан астам оқушы сапалы білім алып, ғылымға, өнерге, спортқа қадам басып келеді. Оқу орнына Қаныш Сәтбаевтың есімін беру – оқушыларға ғылымға деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің бірегей қадамы.

Мектепте Сәтбаевтың өмірі мен еңбегіне арналған бұрыш ашу, ғылыми-практикалық конференциялар, танымдық кездесулер, мұражай жұмыстары ұйымдастыру жоспарлануда. Мұның барлығы жас жеткіншектерді ұлы ғалымның жолына қарап, үлкен мақсаттарға жетелеуге бағытталады.

Рудный жұртшылығы бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алады деп ойлаймыз. Ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар үшін бұл үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Гимназия оқушылары енді өздерін тек білім алушылар ғана емес, ұлы ғалымның атын лайықты дәріптейтін жас зерттеушілер ретінде сезінетін болады.

Қаныш Сәтбаевтың есімін гимназияға беру – ғылым мен білімге жасалған үлкен құрмет. Бұл – болашақ ұрпақтың жүрегіне мәңгілік із қалдыратын тарихи шешім. Ұлы тұлғаның есімі Рудный қаласының рухани өмірін байытып, жас ұрпаққа шабыт беретін болады.

Бұл шешім – білім мен ғылымға жасалған құрмет, болашақ ұрпаққа берілген үлкен рухани аманат.

Сүлейменова Құралай Сағымбайқызы,

«Рудный қаласы №2 гимназиясының 

қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Рудный қаласы