Рудныйда ескі құбырлар біртіндеп жаңарып, жылу жүйесі жаңғыру кезеңіне қадам басты. Қала тіршілігінің күретамыры саналатын желілердің бүгінгі жай-күйімен танысу үшін журналистер арнайы ұйымдастырылған баспасөз турына қатысты.
Жүйке тоздырған жүйе
Кездесуді ашқан «Рудный жылу желілері» ЖШС басшысы Олег Абылқаиров өз сөзінде өткеннің өкініші мен бүгіннің бетбұрысына тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылға дейін кәсіпорын «ССКӨБ» АҚ құрамында болып, тарифтік табысқа қарап күн кешкен. Бұл қаражат тозған жүйені түбегейлі жаңартуға жеткіліксіз еді. Мекеме мемлекеттік меншікке өткен соң, республикалық бюджет қолдауы арқылы ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынып, ескі желілер ауыстырыла бастаған.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Олег Абылқаиров Корчагин көшесіндегі №3 айдау-сорғы стансасында істелген жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.
Төрт сорғы стансасының барлығында қайта жаңғырту жүргізіліп, 70–80-жылдардан бергі агрегаттар толық ауыстырылған. Олардың орнына «Grundfos» фирмасының заманауи жабдықтары орнатылды. Осылайша жылу жүйесінің қуаты күшейіп, әр үйдегі температура айырмасы қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар электр энергиясының шығыны да азайған.
Жүйе жаңартылмаса, жүйке тозады. Рудный жылу желілерінің кешегі жайын нақты осылай сипаттауға болар. Соңғы жылдары ескірген құбырлар жиі сыр беріп, жылу жүйесінде апатты жағдайлар күрт көбейген еді.
2021 жылы 255, 2022 жылы 327 апат тіркелген. Апатты сәттердің артуына 2022 жылдың соңындағы құрылымдық өзгерістер де әсер етті. «Железорудная ЖЭК» МКК мен «Рудный жылу желісі» ЖШС бірігіп, жаңа кәсіпорын – «Рудный жылу желілері» ЖШС құрылды. Осы бірігу нәтижесінде жеке сектордағы 44 шақырым желі енген жаңа құрылым иығына қосымша жүк артты.
2023 жылы апат саны 636-ға жетті. Бұл – алдыңғы жылдың екі есесі. Соның 241-і жеке секторда болған. Алайда қолға алынған ауқымды жөндеу жұмыстары нәтижесін бере бастады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 374-ке дейін төмендеді, оның ішінде 181 оқиға – жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Бұл – жүйелі жұмыстың алғашқы жемісі.
Ал орталық магистраль желілерде биыл бірде-бір апат тіркелмегені – ең басты жаңалық. Үш кезеңмен жүргізілген жаңарту жұмыстарының жемісі.
- Бірінші кезеңде Топорков, Марите, 40 лет Октября, Горняков және Ленин көшелеріндегі ескі құбырлар жаңартылды.
- Екінші кезеңде ЖЭО-дан басталған желі Топорков, сорғы стансасы мен Корчагин арқылы 20-шы шағын ауданға дейінгі аралықты қамтыды.
- Үшінші кезеңде ЖЭО-дан бұрынғы трикотаж фабрикасы ауданына дейінгі магистральь түбегейлі ауыстырылды.
«Қала ішінде көше қазу көбейіп кетті, жазда су жиі тоқтайды деп кейігендер бар. Алайда бұл – салғырттық емес, керісінше жүйелі жөндеудің белгісі. Біз жылу желілерін ұзаққа шыдас беретіндей ету үшін жыл сайын кем дегенде 10–12 шақырым құбырды ауыстыруымыз қажет», – дейді «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылқаиров.
Сонымен…
Биыл Топорков және Парковая көшелерінде 800 метр магистраль желі тариф есебінен ауыстырылады. Кварталаралық желілерді жаңарту аяқталады. Былтыр мердігерге байланысты сот істері туындап, 9 учаскенің жетеуінде ғана жұмыс аяқталған еді. Қалған екі учаскедегі жұмыс шілде айында бітіреді.
Сондай-ақ тариф қаражаты есебінен жеке сектор мен көпқабатты үйлерде 2,5 шақырым таратушы желі ауыстырылады.
Жеке секторға ерекше назар аударылған. Апаттардың көбі осы жерде тіркелгендіктен, облыстық бюджеттен қосымша 700 миллион теңге бөлініп, 10 шақырым кварталішілік желі жаңартылады.
«Біз көшелерді жеке-жеке емес, тұтас кварталмен қамтуды жөн санадық. Биыл 48, 49, 50-кварталдарда, 4-ші шағын ауданда, жартылай 3-ші шағын ауданда желілер ауыстырылады. Әр үйге жеке ажыратқыш арматура орнатылады. Бұл кейін апат болған жағдайда 20–30 үйдің емес, тек бір үйдің ғана суын немесе жылуын ажыратуға мүмкіндік береді», – деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен қатар Олег Абылқаиров жеке сектор тұрғындарын газға көшуге шақырып отыр. Қазір 3000 үйдің ішінде тек 200-і ғана газға қосылған. Ал 2200 үйдің қосылуға мүмкіндігі бар.
Көзбен көрген іс
Сұхбаттан кейін журналистер Майлин және Шевченко көшелерінде (50-квартал) болып, жөндеу барысын барып көрді. Бұл жұмыс облыс бюджеті қаражатына жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін жөндеу аяқталып, келесі нысандарды кезегімен қолға алынбақ.
Шілде, әрі кеткенде тамыз айының басында жеке сектордағы барлық жұмыс аяқталады.
Келесі бағыт – Топорков көшесі, мұнда тариф есебінен магистраль құбырлар ауыстырылуда. Бір учаске осы аптада аяқталады. Екі учаскеде құбырлар төселіп, қайта көму жұмыстары жүріп жатыр.
Келесі нүкте – Строительная көшесі. Мұнда Инженернаямен қиылысатын жерде кварталішілік желілер қайта жаңартылуда. Бұл – өткен жылы мердігер аяқтай алмаған екі учаскенің бірі. Маусым соңына дейін аяқталады, ал шілдеде Дзержинский – 40 лет Октября қиылысында жұмыс басталады.
Кәсіпорын басшысы атап өткендей, биыл ұзақ әрі жаппай су ажырату болмайды, өйткені магистральь толық емес, тек жекелеген учаскелер ғана жаңартылуда. Қазіргі таңда 11 көпқабатты үйде ыстық су өшірілген. Сондай-ақ жеке секторда шамамен 270 үй уақытша ажыратылған.
Тур соңында журналистер жөндеуден кейінгі жол жабындысын қалпына келтіру барысымен танысты.
«Ленин, Корчагин, 50 лет Октября көшелерінде былтырғы ірі жұмыстардан соң тас төсеуіштер, тротуарлар, асфальт толық қалпына келтірілді. Биыл мердігер 24-кварталда 4000 шаршы метр асфальт төседі. Мұнда бұрын асфальт болмаған. Сонымен қатар «Рудный жылу желілері» өткен жылы жұмыс жүргізген учаскелерде 3200 шаршы метр аумақта асфальт қалпына келтіреді», – деді Олег Абылқаиров.
Берешек қанша?
Журналистер 1 наурыздан бастап тариф көтерілгеннен кейін қарыз көлемі артты ма деп сұрады.
«Қарыз көлемі артқан жоқ. 2024 жылы төлем жинау – 98,5%, яғни тек 1,5% төлем жиналмады. Қазіргі жағдай да осы шамалас. Жалпы тұтынушылардың берешегі – 800 миллион теңге», – деді спикер.
Оның ішінде 200 млн теңге – бюджеттік ұйымдардың берешегі (соның ішінде 175 млн – облыстық бюджеттен қаржыланатын мектептер мен медмекемелер), 200 млн теңге – заңды тұлғалардың қарызы (сот және нотариус арқылы жұмыс жүріп жатыр), 400 млн теңгеге жуық – халықтың қарызы.
Жеке секторда қарызы бар тұрғындардың суы мен жылуы ажыратылуда. Биыл Горняцкий кентінде 15 үй, сондай-ақ Рудный қаласының өзінде де миллион теңгеге дейін берешегі бар үйлер сөндірілді.
«Кейбірі «үйде бала бар, су мен жылуды өшірмеңдер» дейді. Бірақ егер қиын жағдайға тап болса, тұрғын үй көмегі бар екенін ескертеміз. Егер коммуналдық төлемдер табыс көлемінің 5%-нан асса, тұрғын үй көмегіне өтініш бере алады. Мәселен, егер айлығыңыз 100 мың теңге болса, оның 5 мыңын өзіңіз төлейсіз, қалған 15 мың теңге – көмек ретінде өтеледі. Бірақ кейбіреулер осы мүмкіндікті білмейді немесе табысы шын мәнінде жаман емес», – дейді Олег Абылқаиров.
Асыл ҚАСЫМ
Суретті түсірген – Дәулет ҚҰЛАТАЕВ
Рудный қаласы