Бұрын көпшілік жерде, көк базарда сөмкесін ұрлатып, ақшасын түсіріп алыпты дегенді көп естуші едік. Қазір алаяқтықтың түрлері заманға сай икемделіп, өзгерген. Үйінде бейқам отырған адамның жиған-терген ақшасын «үп» деп кететін пысықайлар көбейді.
Ол аз десеңіз, атыңызға несие рәсімдеп жіберуі де мүмкін әлгі «қулар». Соның бәрін телефоныздағы ватсап қосымшасы арқылы іске асырады. Бұл енді заманның қасіреті шығар.


Қазір екінің бірі қаржы алаяқтарының құрбанына айналуда. Алаяқтар әртүрлі әдістерді қолданып, қоғамның барлық саласына зиян тигізуде. Енді бізге қайтпек керек? Халықтың қаржылық һәм ақпараттық сауаттылығын қайтсек арттырамыз? Оңай олжаның болмайтынын, бәрі маңдай тер, адал еңбекпен келетінін қалай ұғындырамыз?
Осындай сауалдарға жауап іздеу мақсатында Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті «XXI ғасырдың триггерлері» деген атпен үлкен форум өткізді. Жастардың, студенттер мен оқушылардың, блогерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің, құқық қорғаушылардың басын қосқан жиын «Заң мен тәртіп» қағидасы шеңерінде ұйымдастырылды. Форумға мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысып, аудиториямен ашық диалог форматында әңгіме өрбітті.
– Қаржылық алаяқтық оқиғаларымен күніге бетпе-бет келеміз. Мұндай келеңсіз жағдайлардың артында адам тағдыры тұр. Азаматтардың жылдар бойы жинаған қаражаттары мен пәтерлері алаяқтардың қолында кетіп жатады. Мұндай оқиғаларды қайтсек азайтамыз деген сауал бәрімізді алаңдатады. Сондықтан біз жұмыс барысына жаңа технологияларды енгізіп, тергеу алгоритмдерін жаңартудамыз. Халықты ақпараттандыру мақсатында бүгінгі форумды ұйымдастырдық. Бұл басқосу көзбояушылық үшін емес студенттер, блогерлер, басқа да мамандардың пікір алмасуына арналған ашық алаң болмақ. Қаржылық қауіпсіздікті сақтау бір ғана ведомствоның міндеті емес, бәрімізге қатысты, – деді Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы Тимур Хасанов.
Форумның ұйымдастырушылары алаяқтардың лас тірлігіне жұмыла қарсы шығуға үндеді. Отырыстың өзге де спикерлері өз ойларын ортаға салып, азаматтарды барынша сақ болуыға шақырды. Қаржы алаяқтарының арбауына түспеудің жалғыз жолы – сауаттылық.

Мысалы, телефоныңызға күмәнді сілтемелер келсе, беталды баспаңыз. Банк картасының құпия сандарын, төлқұжатыңыздың артындағы соңғы үш таңбалы цифрды ешкімге айта көрмеңіз.
– Алаяқтық — қоғамға үлкен нұқсан келтіретін залал. Соңғы жылдары алаяқтық оқиғаларының саны күрт көбейіп кетті. Азаматтар алаяқтардың алдауына неге оңай көніп қалады деп ойлайсың кейді. Көп жағдайда тұрғындардың сенімді, қажетті ақпараттарды жеткілікті түрде білмейтінін аңғарамыз. Бүгінде алаяқтар құқық қорғаушы органдардың атын жамылып азаматтарға хабарласып, психологиялық қысым көрсетіп жеке мәліметтер мен қаражаттарын иемденуге тырысады. Кей жағдайда «Сіздің банктік есеп шотыңызға кибер шабуыл жасалды» деген сияқты жалған оқиғаларды айтады. Оны естіген адам бірден қобалжып, алаятың арбауына қалай түсіп қалғанын аңғармайды да. Ал алаяқтар өте сауатты түрде жол көрсетіп, әбден ойластырылған жоспар бойынша бағыттайды. Алаяқтар азаматтардың соңғы тиынына дейін сыпырып алып, зейнеткерлердің жиған-тергенін түгел қағып алады. Сондықтан, мына нәрсені мықтап есте сақтап алу керек. Ешқандай банк, ресми қаржы мекемесі, құқық қорғау органдары ешқашан сізге ватсап мессенджері арқылы хабарласпайды. Бұл – бір. Одан кейін заңды мекемелер ешқашан сізден пин-код, төлқұжатыңыздың артындағы үш таңбалы санды сұрамайды. Жастарға айтарымыз – жарқырағанның бәрі алтын емес. Жеңіл ақша деген атымен жоқ. Сондықтан, тез баюды жарнамалайтын алаяқтардың іс-әрекетіне арбалып қалудан абай болуға шақырамын, – деді Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Бекбосынов.
Мамандардың айтуынша, көбінесе зейнеткерлер мен қарттар алаяқтардың айтқанына оңай көндігіп, сан соғып қалады. Қаржылай көмек беру және қаржы пирамидаларының жарнамасына үлкендермен қатар жастар да сенетін көрінеді.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев өз сөзінде жергілікті әкімдік алаяқтарға қарсы қандай іс-қимылдар жасап жатқанын баяндады.
– Біз қалалық ішкі істер бөліммен бірлесе әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар жүргізудеміз. Сондай-ақ «Қостанай плаза» сауда, ойын-сауық орталығының алты кинозалында фильм басталар алдында қаржы алаяқтарынан сақтануды ескертетін ақпараттық хабарламалар жасалады. Ақпараттық хабарламалар қаладағы қоғамдық көліктерде, радиолар арқылы хабарланып, газет беттеріне шығып жүр. Алаяқтардың іс-әрекеттерін болдырмау туралы апталық аппарат кеңестерінде де талқыланады, – деді Марат Жүндібаев.
Қаржы алаяқтары қоғамға шынымен қауіп төндіруде. Кейде заң тәртібін білетін, көзі ашық адамдардың өзі алданып жатады.
Ендеше, халықтың қаржылық және ақпараттық сауаттылығын одан әрі арттыра беруден басқа амал жоқ. Форумның екінші бөлімінде қатысушылар мекемелердің бірінші басшыларына сұрақ қойып, пікір алмасты.
Қымбат ДОСЖАНОВА
