Рудныйда қосымша білім беру саласы жаңа жобамен толықты

Рудныйда қосымша білім беру саласы жаңа жобамен толықты

Erke School академиялық оқу орталығы – балаларға сапалы, кешенді білім беруді мақсат еткен білім және өнер бағытындағы орталықтардың бірі.

Жас педагог әрі кәсіпкер Ақерке Иният негізін қалаған орталық бүгінде ондаған шәкіртті қамтып, алғашқы нәтижелерін көрсетіп үлгерді.

Орталық 2024 жылдың 19 қарашасында ресми түрде ашылған. Жетекшінің айтуынша, білім беру саласындағы тәжірибесі екі жылдан аса уақытты қамтиды. Осы кезең ішінде 70-тен астам шәкірт білім алып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.

Қазіргі таңда орталық Рудный қаласында үш мекенжай бойынша жұмыс істейді (50 лет Октября көшесі 58, 56Б және 5А). Мұнда 3 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалар білім алады. Жалпы саны – 58 оқушы.

blank

Erke School қызметі екі негізгі бағытқа бөлінеді: академиялық білім беру және өнер. Академиялық бөлімде жылдам оқу, қатесіз диктант математика, логика, ментальді арифметика, мектепке даярлық, ағылшын тілі, логопед және дефектолог қызметтері ұсынылады.

Сабақтар шағын топтарда өтеді — бір топта 7 баладан аспайды. Бұл тәсіл әр балаға жеке көңіл бөліп, сапалы білім беру мақсатында таңдалған. Негізгі сабақ ұзақтығы екі сағат. Онда қатесіз диктант, математика, логика және көркем жазу бағыттары 30 минуттан жүргізіледі. Ал би мен домбыра үйірмелері аптасына үш рет 1,5 сағаттан өтеді.

Оқу бағдарламалары жетекшінің авторлық әдістемесіне негізделген. Бағдарлама «Ғаламат оқу» курсының әдістемелік нұсқаулықтары мен Әйгерім Балтабайдың экспресс курсына сүйеніп жасалған. Сонымен қатар, ағылшын тілі Oxford оқу жүйесі бойынша жүргізіледі. Орталықта балаларды бір апта ішінде буындап оқуға үйрету және 2-3 сынып бағдарламасын қысқа мерзімде меңгертуге арналған арнайы экспресс-методика қолданылуда.

Өнер орталығында би және домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Би үйірмесінің тәрбиеленушілері Астана қаласында өткен «Dostar Fest» байқауында жүлделі екінші орын иеленіп, орталықтың алғашқы маңызды жетістіктерінің біріне қол жеткізген. Қазіргі уақытта ұжым наурыз айында Ташкент қаласында өтетін байқауға дайындалып жатыр. Сонымен қатар, Рудный және Қостанай облысында өтетін республикалық жарыстарға қатысу жоспарланған.

Орталықта қазіргі таңда 5 мұғалім жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі — мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы арқылы келген жас мамандар. Ал логопед маманы — жоғары білімді, магистр дәрежесі бар тәжірибелі маман. Ол тіл бұзылыстары бар балалармен жұмыс істеп, диагностика және түзету жұмыстарын жүргізеді.

blank

Орталық жетекшісі Ақерке Иният 2024 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжін тәмамдап, қазіргі таңда Орталық Азия инновациялық университетінде педагог-әдіскер мамандығы бойынша білім алуда.

«Орталықты ашудағы басты мақсатым – балалардың қосымша білім алып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік жасау. Білім мен өнерді қатар дамыту арқылы олардың жан-жақты қалыптасуына жағдай жасағымыз келеді», – дейді ол.

Орталық қазіргі таңда оффлайн форматта жұмыс істейді. Жетекшінің айтуынша, балалармен тікелей байланыс орнату оқу нәтижесіне оң әсер етеді.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ
ҚӨУ студенті