Рудныйда қоқыс мәселесі әлі өзекті болып отыр

Рудныйда қоқыс мәселесі әлі өзекті болып отыр

Рудный қаласын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау, қалаішілік жолдарды қалыпқа келтіру – «қазаны оттан түспей» келе жатқан мәселе. Әсіресе, әсем қаланы қоқыс-қалдықтан арылту соңғы жылдары түйіні тарқамайтын түйткілге айналған.

Биыл заңсыз қоқыс тастау орындарын жоюға 74,6 млн теңге қарастырылыпты. Қала әкімінің орынбасары Талғат Сақтағановтың айтуынша, бұл қаражат шаһардың «тынысын ашуға» зор ықпалын тигізеді деген сенім бар.

«Сондай-ақ осы жылы сынапты және люминисцентті лампаларды жию мен жоюға 4,3 млн теңге жұмсалмақ. Бұл жұмыстармен «Электро Транс Реелто» ЖШС айналысатын болды. Мұның сыртында, жыра-сайларды қоқыстан тазарту үшін әр учаске кәсіпорындар мен ұйымдарға бекітіледі. Қоқыс контейнерлерін сатып алуға 15 млн теңге бөлініп отыр», – деп сандарды сөйлетті ол.

Бірақ қала әкімі әрекеттен берекет болмай жатқанын, қала тұрғындарының немқұрайдылығы мен жауапсыздығын сынға алды. Тазалық жиналған жерде емес, шашылмаған жерде екенін айтып, мәселенің ушығып бара жатқанына нақты дәлелдер келтірді.

«Қар еріген сәттен бастап, өзен алқаптарын дронмен бейнетаспаға түсіртіп, жағдайды бақыладық. Сонда бұл проблеманы шешуге 74 емес, 704 млн теңгенің өзі аздық ететінін көрдік. Өкінішке қарай, тұрғындарымыз қала тазалығына жауапсыздықпен қарайды. Қоқыс-қалдықты машинамен алып шығып төгеді. Мұндай бассыздыққа қалай баруға болады? Отбасы, балаларымызға қандай үлгі көрсетіп жатырмыз? Ұрпаққа ластанған өзен, қоқыс толы жағалауды қалдырғымыз келе ме? Коммуналды қызмет өкілдері қанша дабылдап жатса да осы тәртіпсіздіктің тыйылар түрі жоқ. Туған жерге осыншалық ұждансыздықпен қарауға бола ма? Айтарға сөз де жоқ тіпті. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар емес пе. 30-40 емес, 2 шақырымдай жерде ғана орналасқан. Жерлестерді қаламызға жанашырлықпен қарауға шақырамын», – деді Виктор Ионенко.

Абаттандыруға байланысты басқа да ескертулер аз болған жоқ. Айталық, шаһарда 11 сәуірде сенбілік басталған. Оған ұзын саны 3200 адам қатысып, бір күнде 400 тонна қоқыс жиналыпты. Дегенмен қаладағы 30 ПИТК-нің бесеуі ғана қоғамдық жұмысқа үлес қосқан. Әкім мұны да азаматтық жауапкершіліктің төмендігіне балады.

«Естеріңізде болар, қыс кезінде қар шығаруға сан мәрте шақырғанымызда көбіңіз аяқ баспадыңыздар. Басшылықты мазасыз деп кінәладыңыздар. Тасқын кезінде зардабын көрдік емес пе. Сол секілді сенбілікке үндегенде де көшені емес, өз аулаларыңызды тазалауды сұрап отырмыз. Сенбілік апта сайын әр бейсенбіде өткізілетін болады», – деді қала әкімі.

Ал, жалпы, бұл салаға бөлінетін қаржы жылма-жыл ұлғайып келеді. Былтыр қалаішілік жолдарды жөндеуге 330 млн теңге жұмсалса, биыл 1,8 млрд теңге қарастырылған. Жыл сайын кем дегенде елу шақырым жолды қалпына келтіру міндеті алға қойылып отыр. Әсіресе, ешқашан асфальт болмаған көшелерге айырықша ден қойылады. Бұдан бөлек, биыл көшелерді жарықтандыруға 95 млн теңге шығындалмақ. Қаланың ажарын аша түсу үшін Ленин көшесіндегі 15 үйдің қасбеті жөнделіп-сәнделеді. Екі саябақ салынып, 200 орындық орнатылатын болады. 197,5 млн теңгеге 16 спорт және 6 балалар алаңын салу жоспарланып отыр. Шаһар ортасында мамыр айында іске қосылатын «Жазғы қуаныш»  және «Жарық-музыкалы фонтан» аталатын екі субұрқақ тұрғындардың көзқуанышына айналмақ.

«Тағы бір айта кетерлігі, жаз айларында жылу беру желілерін жөндеу жұмыстары жалғасады. Ленин, Корчагин, Топорков секілді басты магистралды көшелер қазылады. Сондай-ақ 39 көшені жөндеу үшін қала ішіндегі қозғалыс маршруттары өзгереді. Осы қолайсыздыққа түсіністікпен қарарсыздар», – деді Талғат Сақтағанов.

Жаңалықтармен бөлісу