Құстар миграциясы өткен жылдардан сәл кешеуілдеп жатыр. Қорықшы себебін айтты

Құстар миграциясы өткен жылдардан сәл кешеуілдеп жатыр. Қорықшы себебін айтты

Қамысты өңірі өзен-көлге бай, аң-құстың әрі-бері кедергісіз өтетін үлкен дәлізі. Бұл өңірдегі Талдыкөл-Қулыкөл айдындары арқылы көктем уақытында солтүстікке, солтүстік-шығыс пен солтүстік-батысқа және күзде кері қарай миллиондаған құстар ағылып жатады.

Бейне құс базары секілді. Су құстары сәуір, мамыр айларында Талдыкөл-Қулыкөл айдындарына соқпай кетпейді.

Биылғы көктемнің келісі мен су тасқыны олардың ұшып-қонуына да әсер етіп жатқан секілді. Ахуал Қамысты ауданындағы Қулыкөл аң шаруашылығының қорықшыларының ұдайы назарында.

Құстар жылдағыдан кеш келді, қанаттылар миграциясы екі аптаға созылып кетті. 1 сәуірден бастап Талдыкөл, Қулыкөл айдындарына дамылдап жатыр. Әр көктем сайын бұл өңірден 300 мыңға дейін қаз бен осыншама үйрек ұшып өтеді.

 

Арасында Қызыл кітапқа енгендері де бар. Ал күзде керісінше, Талдыкөл-Қулыкөл үсті жабайы қанаттылардан көрінбей, жыртылып-айырылып жатады. Ол кезде құстар саны бір миллионға дейін жетеді екен. Мұны жергілікті тұрғындардың өздері де тамсанып айтып отыр.

“Негізінен біздің өңірді ақбас қаз бен үйректер, «Қызыл кітапқа» енген қызылжемсаулы қарашақаз, жоғары биіктікте ұшатын шиқылдақ қаз басып өтеді. Кейбір жылдары құстар бірнеше күнге қонақтайтын, биыл түнде келсе, таң бозара ұшып кетіп жатыр. Тағы бір айтатыным, осы жылы біздің өлкеде қардың қалың жатып, сөгілмеуінен қанаттылар көбіне бізге дейінгі мұздықтары еріген көлдерге қонақтады да, Талдыкөл жерінде аялдаған жоқ. Әйтпесе, соңғы 15 жылдан бері кеш қарая созыла келіп қонақтаған құстар, келесі күні таңертең әрі қарай ұшып кете беретін болды”, – дейді аға қорықшы Иван Сиротенко.

Биыл Талдыкөл ернеуіне дейін толды, Қулыкөлдің суы ортан беліне жетті.

Бірақ қорықшының сөзінше, даладағы еріген су оның айдынына әлі де құйылып жатыр. Яғни, судың қоры биыл жеткілікті, әзірге көлдердің тартылып қалу қаупі жоқ.

“Тағы бір ерекше жайт, екі мыңыншы жылдарға дейін Қулыкөлдің суы мол болатын, аумағы да кең еді. Ол кезде біздің өңірді 3-5 миллионға дейін құс басып өтетін. Жиырма жылдың үстінде олардың көп бөлігі Арқалық жағындағы Жаркөл айдынына ауып кетті”, – дейді Иван Сиротенко.

Ғалымдар мұны құстардың қыстайтын орындарын ауыстыруымен байланыстырады. Айталық, бұрын Үндістан, Иран, Каспийдің оң жағалауын қыстап келсе, қазір олар Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік батысы, Өзбекстан, Тәжікстан өңірлерін мекендеп жүр.

Айталық, наурызда Ақтөбенің Шалқары мен Ресейдің Светлинск өңіріне келген құстар екіге жарылып, оң бөлігі Науырзым көлдеріне, сол жағы Қамысты ауданын басып өтіп, солтүстікке кетуде. Құстардың көші-қоны әлі күнге тоқтаған жоқ.

«Айдам-2012» ЖШС Қулыкөл аң шаруашылығының аға қорықшысы  Иван Сиротенко бірнеше жылдан бері құстарды ерекше бақылауға алған. Тіпті әр жыл сайынғы есеп те жүргізіп отырады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Мадина АКЕШОВА

Қамысты ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу