Қыр қызғалдағын теремін деп айыппұл арқалап жүрмеңіз

Қыр қызғалдағын теремін деп айыппұл арқалап жүрмеңіз

Науырзым қорығының мамандары қызғалдаққа қызығып, құшағын гүлге толтыратындарға заң қатаң екенін ескертеді.

Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР ҚҚ-нің 339-бабында өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, пайдалануға тыйым салынған түрлерін заңсыз пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оларды сақтағаны, өткізгені, әкелгені, әкеткені немесе жойғаны үшін заң бұзушыға:

1) 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады;
2) түзеу жұмыстарына тартылады;
3) 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар қарастырылған;
4) Заң бұзушы 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен, не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Міне, қыр қызғалдағын көргенде осыны еске түсірсеңіз болғаны.

«Қазақ жерінің далалық аймақтарында көп кездесетін өсімдіктердің бірі – қызғалдақ гүлі. Кездесетін 32 түрінің 12-сі Қазақстанның эндемигі болып саналады. Оның сирек кездесетін 18 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қазақ жерінде осынау әсем гүлдің сонша көп түрі кездескендіктен, Қазақстан – қызғалдақтар отаны болып саналады. Науырзым қорығында қосгүлді қызғалдақ, жатаған қызғалдағы, шренк қызғалдағы, биберштейн қызғалдағы өседі. Бұл гүлдер сәуір айының аяғы мамыр айының басында гүлдегендіктен, көзтартар әсемдігін тамашалауға қызыққан адамдар келуге асығады. Аталған сирек кездесетін қызғалдақтар түрі қорық аумағында өскендіктен жұлып алып кетуге тыйым салынған. Қызыл кітапқа енгізілген қызғалдақтарды жұлу заңсыз.», – дейді қорық қызметкері Жасұлан Қазымжан.

Қорықты қызықтаушыларға тек суретке түсіруге рұқсат етіледі. Кілемдей жайқалып өсетін қызғалдақтарды аялай отырып, біз оны болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуымыз керек дегенді айтады мамандар.

«Науырзым қорығында 700-ге жуық өсімдіктің түрі бар, Қызыл кітапқа енген қырғыз кайыңы, 200-220 жылдық карағай ағаштары, жан-жануарлары, аң-құстары, айта берсек, көп.  Осының барлығына қорық инспекторлары баппен қарап, жұмыстарын адал атқарады. Қоршаған орта баршамызға керек. Табиғатқа құрмет тек қорық аумағына шектелуі ғана емес, әрбір адамзаттың қоршаған ортаға, яғни ол өсіп тұрған гүл болсын, тал-ағаштары болсын, барлығына бірдей қарап, өсіп өнуіне үлес қосуы қажет. Таза ауа, көк майса, самал жел аясында демалған дұрыс әрі пайдалы, бірақ зиянымызды келтірмей кетуді де ойлау керек», – дейді Жасұлан Қазымжан.

Елімізде «Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы басталды. Іс-шара аясында аймақта тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекеме қызметкерлері бұлақ маңайларын тазартуды бастап та кетті. Бұлақтың суын сусорғыш техникасымен тазартылып, қоқыс шығарылды. Науқанның негізгі мәні – халықты табиғатты қорғауға, тазалықты сақтауға шақыру, өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге сол арқылы үлгі көрсету.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА   

Жаңалықтармен бөлісу