Биыл елде жаңа өкілді орган – Құрылтайдың жұмысы басталады. Оның өкілеттігі заң шығару үдерісінен бастап, бюджет пен әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға дейінгі ауқымды мәселелерді қамтиды.
Құрылтай депутаттары конституциялық және басқа да заңдарды қабылдап, республикалық бюджетті бекітеді. Сондай-ақ салықтар мен міндетті төлемдерді белгілеуге, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық саясаттың басым бағыттарын қарауға қатысады.
Жаңа органның назарында білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері де болады. Бұдан бөлек, қорғаныс саласы, халықаралық шарттар және өңірлерді дамытуға қатысты маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу көзделген.
Құрылтай депутаттарының өкілеттігі мұнымен шектелмейді. Олар заң шығару бастамасын көтеріп, парламенттік тыңдаулар өткізе алады. Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдап, республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау да депутаттардың міндеттерінің қатарында.
Осылайша, Құрылтайдың құрылуы Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі болмақ. Жаңа өкілді органның негізгі міндеті – азаматтардың мүддесін заңнамалық деңгейде қорғау, мемлекеттік шешімдердің сапасы мен ашықтығын арттыру.
Құрылтай сайлауының халықаралық маңызы да бар. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Қытай, АҚШ, Ресей және Еуропалық одақ елдерімен орныққан серіктестік байланыстары жағдайында сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы елдің халықаралық беделі мен сеніміне оң әсер етуі мүмкін.
Мамандар Қазақстанда бірнеше жыл бұрын басталған саяси реформалардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын атап өтеді. Алдағы сайлау азаматтарға жаңарған саяси жүйенің қалыптасуына атсалысып, елдің демократиялық даму бағытына үлес қосуға мүмкіндік береді.
