Қостанайлық теміржолшыларға жоғары марапаттар табысталды

Қостанайлық теміржолшыларға жоғары марапаттар табысталды

Бүгін Қостанай қаласында теміржолшылар күнін салтанатты түрде атап өтті. Ұзақ жыл табанды еңбек етіп келе жатқан сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Бүгінде облысымыздағы барлық темір жол бекеттерінде жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы бір сәтке де тынған емес. Тәулік бойы тасымалдап, үзіліссіз жұмыс істеуде. Мұндай қызметтің артында теміржол тарландарының еңбегі тұр. Қостанайлық мамандардың белсенділігін «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығы жоғары бағалап отыр. Тобыл-Торғай топырағының білдей үш қызметкеріне «Құрметті теміржолшы» атағын берді. Жуырда Басқарма төрағасы осы марапатты табыстайтынын естідік. «Қостанай магистральдық желіс бөлімшесі» филиалы Құсмұрын қашықтығының кезекші шебері Мирамбек Біржанов, Қостанай пайдалану локомотив депосының негізгі кезекшісі Ахметжан Ускимбаев елорда төрінде марапат алу құрметіне ие болыпты. Сондай-ақ Қостанай магистральдық желі бөлімшесінің «Қостанай сигнал беру және байланыс қашықтығы» филиалының ұжымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1-орыннан көрініп, «Үздік темір жол ұжымы» атағын иеленді. Құрметті марапатты алу үшін қашықтық басшысы Қуандық Кәленов Астанадағы «ҚТЖ» компаниясының орталық кеңсесіне шақырылды.

blank

Облыс орталығында өткен салтанатты рәсімде «Қостанай магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Марат Туғамбаев сөз сөйлеп, әріптестеріне ыстық ықыласын білдірді.

blank

blank

«Өңірлерді байланыстырып, тауар тасымалын жүзеге асыруда теміржол саласы жоғары маңызға ие. Теміржол – экономиканың күретамыры атанып кеткен. Осынау жауапты қызметті қалтқысыз атқарып жүрген әріптестеріме толағай табыс тілеймін», – деді ол.

blank

blank

Бұл күні теміржолда ұзақ жыл тер төккен ардагерлер де елеусіз қалған жоқ. Аға буынға жылы лебіз жаудырып, қошемет білдірді. 20 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті мамандарға «III дәрежелі теміржол даңқы», «Үздік жүк тасымалдаушы», «Үздік машинист», «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгілері табысталды. Жастар мен орта буын өкілдері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

blank blank

«Қостанай» станциясында тауар кассирі болып жұмыс істеймін. Алғашқы қадамым Денисов ауданындағы станциядан басталды. 13 жылдық тәжірибем бар. Бұл мамандық бала кезімнен ұнайтын. Сол себепті таңдауым түсіп, кәсіби білім алдым. Бүгінде сүйікті ісім өмірімнің бір бөлігіне айналды», – деді Несібелді Несіпбаева.

blank

Қазақстанда теміржол көлігі қызметкерлері күні жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде ресми түрде атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке сала мамандарына деген құрметтің жарқын үлгісі іспеттес.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ