Ауыл шаруашылығы министріне Қостанайдағы жаңа жобалар таныстырылды

Ауыл шаруашылығы министріне Қостанайдағы жаңа жобалар таныстырылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанайға жұмыс сапарымен келді. Іссапар кестесі облыс орталығындағы кәсіпорындарды аралаудан басталды. Министр өңір басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге әуелі көкөніс өсіру, сақтау және өнімді сауда желілері арқылы өткізу бағытындағы жобаларды көрді.

Егістіктен дүкен сөресіне дейін

Алғашқы нысанда кәсіпкер Бакир Бекиров қолға алған жұмысының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Төрт жыл бұрын шағын ғана бизнес орны болған нысан бүгінде ірі серіктестікке айналған. «Halyk Agro KST» көкөністі егістіктен тікелей тұтынушыға жеткізуге бағытталған тізбекті қалыптастырып отыр. Кәсіпорынның таныстырылымында бұл тәсілдің негізгі артықшылықтары ретінде делдалсыз жұмыс істеу, өз өнімінің қолжетімді бағасы және көкөністің сапасы мен балғындығын сақтау атап көрсетілген.

blank

«Біздің мақсатымыз – өнімді егістіктен тікелей сауда сөресіне жеткізетін жүйені қалыптастыру. Бұл ретте өз өніміміздің қолжетімді бағасын сақтап, сапасы мен балғындығын қамтамасыз ету маңызды», – деді Бакир Бекиров.

Бұл ретте компания басшысы биліктің бизнеске, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлуі ерекше рөл атқарып отырғанын да айтып өтті. Оның пікірінше, Қазақстан экономикасы осындай бастамаларға қанат байлау арқылы алға жылжып келеді. Биыл серіктестік лизинг көмегімен 600 млн теңгеден астам сомаға көкөніс жинайтын техникалар сатып алған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз арасында мемлекет қолдауымен жұмысын жандандыра бастаған кәсіпорындар туралы баяндады.

blank

«Бұл серіктестік жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме арқылы несиесін алып, ісін алға жүргізіп келеді. Оның сыртында облыста мемлекеттің демеуімен 7 сүт-тауар фермасы ашылды. Биыл тағы бесеуі іске қосылса, төртеуін енді сала бастаймыз. Бұрын жұрт теріні далаға тастайтын еді, енді соны да қолға алып, өңдейтін кәсіпорын ашпақпыз. Теріден ақуызды жем ұнтағы өндіріледі. Бұл салаға мемлекеттік бағдарламаның қолдауы анық сезіліп тұр. Сондықтан алдағы уақытта үлкен жобалар жүзеге асады деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Кәсіпорынның даму жоспарында көкөніс сақтайтын қойма салу жобасы ерекше орын алады. Жоба бойынша 5200 тонна өнімге арналған көкөніс қоймасын, сондай-ақ көкөніс пен жемісті өңдейтін және жуатын цехы бар әлеуметтік қойма кешенін салу көзделген. Қоймада микроклиматты, оңтайлы ылғалдылық пен желдетуді қамтамасыз ететін жүйе қарастырылған. Өнімдерді сақтау үшін үйінді және контейнерлік тәсілдер пайдаланылады.

blank

Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Оның ішінде 900 млн теңге – 7 жыл мерзімге 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның жермен қамтылған қарызы, ал 300 млн теңге – кәсіпорынның өз қаражаты. Жоба аясында 70 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, кәсіпорынның жобасында 1200 тоннаға есептелген, салқындату жүйесі бар, көлемі 720 шаршы метр жеміс қоймасы және 800 шаршы метрлік көкөніс өңдеу және жуу цехы қарастырылған. Өңдеу цехында тәулігіне 20 тоннаға дейін өнім өңдеу мүмкіндігі жоспарланған. Сондай-ақ 500 шаршы метрлік қосалқы өндірістік нысан көзделген.

«Жаңа қойманың басты артықшылықтарының бірі – көкөністі маусым аяқталғаннан кейін де сақтап, халыққа жеткізу мүмкіндігі. Сонымен қатар нысанның орналасуы логистикаға қолайлы, бұл өнімді тұтынушыға жеткізуді жеңілдетеді», – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорынның егістік алқаптарында картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, жүгері, бақша дақылдары және басқа да көкөністер өсіріледі.

Өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті артып келеді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Кайдзен» кәсіпорнына да барды. Мұнда қонақтарға өндіріс орнының бүгінгі жұмысы мен алдағы жоспары таныстырылды.

blank

Кәсіпорын 2023 жылы құрылған. Негізгі бағыты – бұршақ тұқымдастар мен өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын қаптамаға дейін өңдеу. Өндірістік қуаты жылына 170 мың тонна өнім өңдеуге есептелген. Ал 2025 жылдың қорытындысында кәсіпорында 180 мың тонна өнім өңделіп, өндірістік қуат 100 пайызға жүктелген.

Кәсіпорын директоры Каяр Мехмед өндірістің негізгі өнімдері қатарында асбұршақ, қызыл және жасыл жасымық, ноқат пен бидай бар екенін айтты.

«Бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты толық жүктеліп отыр. Біз асбұршақ, жасымықтың екі түрі, ноқат және бидайды өңдейміз. Өнімдерімізді тек ішкі нарықта ғана емес, шетелге де шығарамыз», – деді Каяр Мехмед.

blank

«Кайдзен» өнімдері қазіргі таңда Ауғанстан, Түркия, Қырғызстан, Алжир және Үндістан нарықтарына жөнелтіледі. Кәсіпорында 97 адам еңбек етеді. Орташа жалақы көлемі 700 мың теңгеге тең.

Кәсіпорын өндіріс көлемін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, биыл жылына 40 мың тонна макарон өнімдерін өндіретін жаңа жобаны іске асыру жоспарланған. Жобаның инвестициялық құны – 7 млрд теңге.

blank blank

«Алдағы кезеңдегі маңызды жобаларымыздың бірі – макарон өнімдерін өндіру. Оның жылдық өндірістік қуаты 40 мың тонна болады. Жобаға 7 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған», – деді кәсіпорын директоры.

Осылайша, ауыл шаруашылығы шикізатын тереңірек өңдеуге бағытталған кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнім түрлерін кеңейтуді де жоспарлап отыр.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ