Мен Наиля Ровшанқызы Исмаиловамын. Ұлтым – әзербайжан. Алпыс екі тамырымен идіріп, ақ сүтімен нәр берген анам – қазақ. Сол себептен мен бойымда да, ойымда да, қазақтың қаны бар деп мақтанышпен айта аламын.
Анамнан дарыған тілім мен түсінігім қазақ, сондықтан да жүрегім қазақ деп соғып тұрады. Мені мәпелеп өсіріп отырған анама және асыл әжеме алғысым шексіз. Қолдағы бар алтынның қадірін білген дұрыс қой. Жарық дүниеге әкелген анам мен үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қағып, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», міне, он сегіздің табалдырығын жаңа ғана атап отырмын, десе де әлі де тәрбиелеп, әрдайым дұрыс бағыт-бағдар, кеңесін беріп отыр.
«Нағашы жұрт – өз жұртым» дегендей, нағашы асыл әжемнің бесігінен тәрбие алғаным тағы бар. Асыл әжем үнемі «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет» деп отырады. Әжемнің мен үшін орыны бөлек, маған беріп келе жатқан қамқорлығы мен жылылығына сөзім жетпейді. Сондықтан да асыл әжем жүрегімнің төрінде.Қос ақжаулықты анамнан тәрбие алып отырған бақытты жан екенмін. «Баланың ойы далада, ананың ойы балада» демекші, «ата-ананың қадірін өзің ата-ана болғанда түсінесің» деп жатады, бірақ анасынан өнеге көріп отырған балада сана болса, анасына уайым, өміріне қайғы түсірмес деймін. Бұл кісілердің еңбектері зор ғой, мен де болашақ біреудің жары атанып, ана болатынымды білемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді атам қазақ. Үйде көрген тәрбием жаман емес, өмірдің ақ-қарасын, жаманы мен жақсысын ажырата білетін жастамын. Қыз бала жат жұрттық қой, сондықтан аналарымның маған берген абыройлы еңбегін жерге таптатпай, кір келтірмей, бетіме баспайтындай болуға тырысамын.
Қамшының сабындай өмірде асыл да қасиетті аналарымның денсаулықтары зор, өмірлері ұзақ болса, тек жақсылық көрсе деп тілеймін. Марат Омаровтың әйгілі әніндегі: «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген жолдар есіме түсіп отыр. Аналарымыз аман болсыншы дегім келеді. «Жұмақтың кілті асыл аналарымыздың табанында» деген қасиетті, дана сөзді де текке айпаған ғой. Бұның дәлелін анасынан жақсы тәрбие көрген, саналы бала ғана түсінеді, біледі. Ана – әлемді тербеткен қасиетті жан.
Құрметті, аяулы да қымбатты, асыл да ақжаулықты аналар, алдағы келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге тек денсаулық, амандық, ғұмыр жастарыңыз ұзақ, өмірлеріңізде тек қана қуаныштар көп болсын деп ізгі ниетіммен тілеймін!
Мен анама құрметпен басымды иемін!
Наиля Ровшанқызы Исмаилова,
18 жаста
Қарабалық ауданы Научное ауылы