«Оқиға 50 жылға дейін саясат, 50 жылдан кейін тарих». Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Желтоқсан көтерілісі туралы осылай дейді.
Тарихшы, Желтоқсан куәгерлері де ой бөлісіп, өткенге шегініс жасады.

«Қазір Желтоқсан оқиғасын әрқайсы әр түрлі атап жүр, бірі оқиға, бірі саясат, бірі революция дейді. Алайда, қандай да бір оқиға ол 50 жылға дейін саясат, 50 жылдан кейін тарих. Бұл көтеріліс әзірге саясат, тарихи әділ бағасын алу үшін уақыт керек. 1991 жылы Тәуелсіздік декларациясын қабылдағанға дейін тағдырымызды басқалар шешті. Тәуелсіздік үшін күрес сан жылдарға жалғасты. Желтоқсан оқиғасы соның нәтижесі, жеткен шегі болды», — дейді тарихшы Аманжол Күзембайұлы.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтаңгерлердің рухына арнап Алла үйінде құран бағышталды.
Іс-шараға қатысқан оқиға куәгері, «Евразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының директоры Қырмызы Жаңбыршина да өз естеліктерін бөлісе келе:
«Мен ол кезде Алматы қаласында студент едім. Оқиғаны көзімізбен көрдік. Ауылдан әкем хабарласып, арандап қалмауымды, болашағыма балта шаппауымды өтінді», — деді.

Ал Қазақстанның құрметті журналисті, журналистика акдемиясының академигі, желтоқсан куәгері Гүлжібек Бекмұхамбетова болса, сол уақытта өзінің алаңда болғанын, қандай жағдай болмасын адамзаттың ар-ождан, ақиқаттан аттап кетпеу керектігін тілге тиек етті.

Жиынды Қазақстанның құрметті журналисі Оразалы Жақсанов жүргізіп отырды.

«Тәуелсіздік – еліміз үшін баға жетпес байлық. Қастерлеп, бағалап, мәнін болашақ жастарға дәріптей білуіміз керек. Сол мақсатта бүгінгі басқосуды ұйымдастырып отырмыз», – деді Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиев.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінің кітапханасында «Тәуелсіздік – ұлттың ең асыл мұрасы» атты мәдени танымдық іс-шараға арнайы қонақтармен қатар Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Бота МАНЕТ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ
