Оралдық қыз Қостанайдағы әдеби байқаудың гран-при иегері атанды

Оралдық қыз Қостанайдағы әдеби байқаудың гран-при иегері атанды

Гран-при иегері Элеонора мектеп жасынан әдебиетке жаны құмар болған жастың бірі. Бүгінде ол А.Байтұрсынұлы ҚӨУ-де журналистика мамандығы бойынша екінші курс студенті.

Облыстық «Мәңгілік өнер. Искусство на все времена» әдеби байқауына қазақ және орыс тілдерінен жалпы саны 35 жас қаламгер қатысты. Сайыс осы жылдың қаңтар айынан басталып, қорытындысы қараша айында белгілі болған еді.

– Байқау туралы хабарландыруды алғаш естіген сәттен-ақ қуандым десем болады. Өзім Орал қаласының қызы болғаннан кейін Қостанайды басында жатырқағаным рас. Осы байқау маған ерекше леп бергендей болды. Кішкентайымнан ақын-жазушылардың өлеңдерін көп оқимын. Таза әдеби бағытты ұстанбасамда, соларға еліктеп өлең, эссе, әңгіме жазатыным бар. Сондай-ақ, ақын-жазушылардың өзіндік стилдерін зерттегенді ұнатамын. Жеңіс – мен үшін жаңа белестерге ұмтылуға қосымша күш. Ішімдегі өнерді тұншықтырмай, үнемі дамытуды қалаймын, – дейді жеңімпаз қыз.

Байқауға түрлі сайыста танылып жүрген ақын-жазушылар төрелік жасады. Әділқазылар алқасының төрайымы Бақытжамал Кеңшіліктің айтуынша, өңірде жас дарындардың көбейіп келе жатқаны көңіл қуантарлық жәйт.

– Облыстық Л.Толстой атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Мәңгілік өнер» байқауында үш жыл қатарынан қазылар алқасының құрамындамыз. Биылғы байқауға проза және поэзия бағыттар бойынша өте көп жұмыс ұсынылды. Қазылар алқасы мүшелерімен бірге барлық шығарманы мұқият қарап шығу оңай болған жоқ. Дегенмен, «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші, суырылып алға шыққан қатысушыларға әділ бағасын беруге тырыстық, – дейді әділқазының төрайымы Бақытжамал Кеңшілік.

Байқаудың басты мақсаты – Қостанай облысы аумағындағы жас ақын-жазушыларды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Жыл сайын ұйымдастырылатын жоба жастардың өз талантын көпшілікке танытуына мүмкіндік беріп келеді.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл байқау келесі жылы жаңа форматта ұйымдастырылмақ. Демеушілер құрамы өзгереді. Соның арқасында қатысушыларға ұсынылатын сыйлықтар да жоғары болады деп күтілуде. Сонымен қатар, келесі жылы проза және поэзия бағыттары бөлек бағаланып, әр жанрдың жеңімпаздары жеке-жеке марапатталатын болады. Байқауға келген жұмыстар алдымен іріктеліп, қазылар алқасының сараптауынан өтеді. Нәтижесінде үздік шығармалар арнайы жинаққа енгізіліп, оқырмандарға таратылады. Онда жас авторлардың өмірбаяны мен өлеңдері жарық көретін болады, – дейді Бақытжамал Әділбекқызы.

Қорытынды нәтиже бойынша қазақ тілінен Гран-приді Элеонора Кадерова алса, бірінші орынды Ақниет Маратқызы, екінші, үшінші орындарды Инабат Нағашыбай мен Аружан Баяхметова иеленді. Ал, орыс тілінен бірінші орынды Надежда Ивановна мен Олеся Алексеевна, екінші орын Евгений Викторович бұйырды.

Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар, алғыс хаттар мен куәліктер табысталды. Сонымен қатар байқаудың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан демеушілер — «DizDeco», «Мебель Белка» жиһаз дүкені, «Техномир» көтерме-бөлшек сауда дүкені, «Рус-Дан» жеке шаруа қожалығы және «Bauyrdaq» кафесі ұйымдастырушылар тарапынан ерекше аталып өтті. Бұл қолдаулар жастар бастамасын дамытуға қосылған қомақты үлес болды.

 

Мереиім КУБЕКОВА,

А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ І курс студенті