Құқықтық статистика саласындағы қызметтерге сұраныс жоғары

Құқықтық статистика саласындағы қызметтерге сұраныс жоғары

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті және оның аумақтық органдары азаматтарға бірқатар маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 4 негізгі қызмет түрі ұсынылады.
Олар жеке тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет беру. Сотталғандығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама беру. Прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою. Комитет архивтері шеңберінде архивтік анықтамалар немесе құжат көшірмелерін беру.

Аталған мемлекеттік қызметтерді алу жолдары да қолжетімді әрі ыңғайлы. Азаматтар қызметтерді «электрондық үкімет» порталы – egov.kz арқылы онлайн түрде, үйден шықпай-ақ ала алады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорация (ХҚКО) бөлімшелері немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы да өтініш беруге мүмкіндік бар.

Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі тегін көрсетіледі. Тек ресми құжаттарды апостильдеу қызметі үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді. Төлем электрондық үкіметтің төлем шлюзі немесе екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі.

«Айта кету керек, апостиль қою қызметін «бір өтініш» қағидаты бойынша да алуға болады. Яғни, азаматтар сотталғандығы туралы анықтама немесе архивтік құжаттар алу кезінде бір мезгілде апостиль қою қызметіне де тапсырыс бере алады. Бұл қызметті алу мерзімі – 5 жұмыс күні болса, кешенді (композиттік) қызметтер үшін 10 жұмыс күнін құрайды. Сонымен қатар, дайын құжатты алу үшін азаматтар өздеріне ыңғайлы ХҚКО бөлімшесін таңдай алады», – дейді Қостанай облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің прокуроры С.Шаяхметова.

Осы жылдың өткен кезеңінде Қостанай облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті бірқатар жұмыстар атқарды.

Атап айтқанда, архивтік анықтамалар мен құжат көшірмелерін беру бойынша 76 өтініш орындалды. Прокуратура және тергеу органдарынан шығатын құжаттарға апостиль қою бойынша 729 өтініш қаралды. Оның ішінде 758-і – сотталғандығы туралы анықтамаларға апостиль қою (композиттік түрде), 3-і – Қостанай облысы прокуратурасы берген ақтау туралы анықтамалар.
Қағаз түрінде сотталғандығы туралы анықтама беру бойынша ХҚКО арқылы 490 өтініш орындалды.

Маңыздысы, есепті кезеңде Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша бас тарту фактілері тіркелмеген. Осындай қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығы азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ