«Қауіпсіз үй» рейді: 15 отбасыға көмек көрсетілді

«Қауіпсіз үй» рейді: 15 отбасыға көмек көрсетілді

26-29 наурыз аралығында Қостанай қаласының аумағында жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар қозғалыстары, БАҚ, волонтерлер және құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылым мүшелері бірлесіп, «Қауіпсіз үй» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр.

Аталған шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ аулаларды және пәтерлерді аралау арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларды (отбасыларды) анықтау.

Қазіргі таңда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «FSM Social» цифрлық платформасын енгізу шеңберінде Қостанай қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын автоматтандыру арқылы әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге бағытталған мобильді топтар құрды.

Алдын алу шарасы барысында аталған цифрлық платформа арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары бар 15-тен астам отбасына көмек көрсетілді.

Полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында түрлі санаттар бойынша профилактикалық есепте тұрған екі жүзден астам адамның тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізді.

Сонымен қатар, халық арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін қызметтер, орталықтар және осы сала бойынша кеңес беретін сенім телефондары туралы кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, үнсіз қалмаңыз!
Полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.
Сенім телефондары: 111, 150.
Дағдарыс орталығы: 8-714-55-44-80.