Алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық, облыс аумағындағы қылмыстылықтың негізгі мәселенің бірі.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің ресми деректеріне сәйкес, өткен жылы облыста алаяқтық әрекеттерден екі мыңға жуық адам зардап шеккен, оның ішінде 699 ер адам және 1219 әйел.
Зардап шеккендердің қатарында төрт кәмелетке толмаған және 222 зейнеткер бар.
Қылмыстың көбі Қостанай облысында жасалған – 1208 дерек.
Одан кейін Рудныйда – 265, үшінші кезекте Қостанай ауданы – 93 және 67 дерек Жітіқара ауданынан тіркелген.
«Интернет-алаяқтық алдаудың ең кең таралған түрлерінің бірі болып отыр. 2025 жылы интернет-ресурстарды пайдалану арқылы жасалған қаражат жымқырудың 1673 фактісі тіркеліп, бұл барлық алаяқтықтың 85,6%-ын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық 31,6%-ға өскен. Сонымен қатар, 2025 жылы интернет-алаяқтықтың өсуіне қарамастан, 2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда осы санаттағы тіркелген қылмыстар санының азаю үрдісі байқалады. Мұндай оң динамика профилактикалық шаралардың және цифрлық қарсы іс-қимыл құралдарының күшеюімен байланысты. Яғни, құқық қорғау органдарының алаяқтық интернет-ресурстар мен телефон нөмірлерін бұғаттау бойынша жұмысының күшеюі, ұлттық антиалаяқтық орталықтардың дамуы, халық арасында түсіндіру жұмыстарының белсенді жүргізілуі және азаматтардың цифрлық сауаттылығының артуы», – дейді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті бөлімінің бастығы Мирас Нұрсұлтанов.
Осы жылдың алғашқы екі айында өңірде интернет-алаяқтықтың 206 дерегі тіркелген, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (235 жағдай) 12,3%-ға аз. Облыс республика бойынша мұндай қылмыстар саны жағынан Алматы, Атырау, Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан кейін 7-орында тұр.
«Мұндай қылмыстардың өсуі тек жекелеген өңірлерде байқалады: Меңдіқара ауданында – 200%-ға (1-ден 3-ке дейін), Федоров ауданында – 125%-ға (4-тен 9-ға дейін), Амангелді ауданында – 100%-ға (0-ден 1-ге дейін), Науырзым ауданында – 100%-ға (0-ден 1-ге дейін), Ұзынкөл ауданында – 50%-ға (2-ден 3-ке дейін), Жітіқара ауданында – 9,1%-ға (11-ден 12-ге дейін), сондай-ақ Лисаков қаласында – 25%-ға (8-ден 10-ға дейін). Қалған өңірлерде интернет-алаяқтық фактілерінің төмендеуі тіркелген. Бұрынғысынша кең таралған алаяқтық схемалар қатарында банктер мен мемлекеттік қызметтер атынан жасалатын телефон қоңыраулары мен SMS-хабарламалар (құпия деректерді сұрату), жалған интернет-дүкендер мен тиімді қызметтер туралы хабарландырулар, сондай-ақ жалған инвестициялық ұсыныстар бар. Бұл қауіп түрлері цифрлық технологиялардың бір жағынан қызметтер мен ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетсе, екінші жағынан алаяқтар үшін қолайлы орта қалыптастыратынын көрсетеді», – дейді бөлім бастығы Мирас Нұрсұлтанов.
Егер азамат алаяқтықтың құрбанына айналса, жедел әрі жүйелі әрекет ету маңызды: ең алдымен қызмет көрсететін банкке хабарласып, банк картасын немесе шотты бұғаттау және күмәнді операцияларды тоқтату қажет, содан кейін тұрғылықты жері бойынша полиция органдарына немесе электрондық арналар арқылы (мысалы, «qamqor.gov.kz» Комитетінің порталы) өтініш беру керек. Сонымен қатар, қылмысқа қатысты барлық дәлелдемелерді – хат алмасуларды, телефон нөмірлерін, сайттарға сілтемелерді, электрондық чектерді және басқа да мәліметтерді сақтау қажет, өйткені олар тергеуге және келтірілген залалды өтеуге көмектеседі.
Алаяқтықтан қорғану бойынша ұсыныстар:
– онлайн сатып алулар кезінде сақ болыңыз. Сатушының сенімділігін тексеріп, күмәнді сайттарда алдын ала төлем жасаудан аулақ болыңыз;
– хабарламалар мен электрондық пошталардағы күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, әсіресе олар жеке деректерді енгізуді талап етсе;
– SMS арқылы келетін кодтарды және басқа да құпия ақпаратты ешкімге айтпаңыз, тіпті олар өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да;
– күрделі құпиясөздерді пайдаланыңыз, оларды үнемі жаңартып отырыңыз және құрылғыларға қауіпсіздік жаңартуларын орнатыңыз.
Осылай халықты ақпараттандыру және сақтық шараларын сақтау алаяқтардың құрбаны болу қаупін азайтуға септігін тигізеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
