Облыста жылу беру маусымы 1 қазанда басталады. Басты міндет – қыраукөз қыста өңір халқын тұрақты, үздіксіз жылумен қамтамасыз ету, апаттық жағдайларға жол бермеу және отын қорының жеткілікті болуын қамдау.
Осыған байланысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан-қала басшыларына қадау-қадау тапсырма берді. Біріншіден, маусым басталғанша гидравликалық сынақ толық аяқталуға тиіс. Екіншіден, қосалқы жылу беру көздері дайындалуы керек. Былтыр солардың арқасында апатты жағдайларды екі есе төмендетуге, тұрғындардан түсетін шағымды 90-нан 20-ға дейін азайтуға мүмкіндік туған.
«Алдағы жылыту маусымындағы біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап, жылу беру кезеңін тұрақты, апаттар мен іркілістерсіз өткізу. Бұл – стратегиялық мәселе. 2024 жылы Амангелді және Меңдіқара аудандарында қазандық жабдықтарына байланысты апаттар болды. Қауіпсіздік техникасы талаптары бұзылып, жабдықтарды уақтылы ауыстырмау фактілері тіркелді. Бұған жол берілмеуге тиіс. Қала және аудан әкімдіктері 15 қарашаға дейін қызмет көрсетуші персоналды қауіпсіздік техникасы, пайдалану қағидалары және авариялық жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар бойынша оқытып, нұсқама өткізуді қолхат арқылы қамтамасыз етуі қажет. Жылу беру маусымы уақытылы басталмаған жағдайда аудан-қала әкімдері жеке жауапкершілікке тартылады», – деді өңір басшысы.
Ол әкімдерге жылумен жабдықтау нысандарына жоспардан тыс рейдтер жүргізіп, персоналдың оқытылу барысын, жабдықтардың тексерілуі мен диагностикадан өтуін өздері бақылауды тапсырды. Кәсіпорын басшылары технологиялық және температуралық режимдердің сақталуын, автоматика, қорғаныс құралдары мен өртке қарсы жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз етуге міндеттелді.
«Тағы бір маңызды мәселе – пешпен және газбен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау. Өйткені жылыту маусымында пештер мен түтін мұржаларының ақаулы күйде болуынан өрттің тұтануы жиі кездеседі. Сондықтан мұндай үйлерді ерекше бақылауға алып, көміртегі тотығының (иіс газының) датчиктерімен қамтамасыз ету қажет. Әсіресе көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және жалғызбасты қарт адамдар тұратын үйлер ерекше бақылауда болуға тиіс», – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі ешбір жағдайда кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын, пеш жағылған үйлерде балаларға ерекше назар аудару қажет екенін де ерекшелеп айтты. Ол үшін ТЖД жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуге тиіс. Кезекші қызметтер мен авариялық бригадалар да толық жасақталып, қажетті техника және материалдармен қамтамасыз етілуі әрі тәулік бойы жұмыс істеуге дайын болуы шарт.
«Тағы бір маңызды мәселе – көмірдің жеткілікті қорын қамтамасыз ету. Бүгінде қала және аудан әкімдіктері 384,1 мың тоннаға жуық көмір, яғни жоспардың 94,3 пайызын дайындады. Отын тапшылығына және халық арасында дүрбелең туғызатын сұраныстың пайда болуына жол беруге болмайды. Вагондардың алдын ала қамтамасыз етілуін, теміржол жол тұйықтарының жұмысын және көмірдің тұтынушыларға уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Қыс мезгілінде отын жеткізуге байланысты іркілістер болмауы үшін барлық қазандықтар көмірмен толық қамтамасыз етілсін», – деді облыс әкімі.
Ол 25 қыркүйекке дейін барлық нысанның дайындық паспорттарын алуға өтінім берілуі керек екенін де ескертті. Оның сыртында жылу көздерін отынмен, ал халықты көмірмен үздіксіз қамтамасыз етуге әр өңір басшылығы тікелей жауапты. Олар ТЖД аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, алдағы бірер күнде әлеуметтік осал топтардың үйлеріне датчиктер орнатып шығуға міндетті. Сондай-ақ обьлыстық Энергетика басқармасына аймақтың жылу беру маусымына дайындық деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіп отыру тапсырылды.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
