Құмар АҚСАҚАЛОВ: “АУЫЛҒА НАҚТЫ КӨҢІЛ БӨЛЕМІЗ”

Құмар АҚСАҚАЛОВ: “АУЫЛҒА НАҚТЫ КӨҢІЛ БӨЛЕМІЗ”

Өткен жылы өңірде “Ауыл-ел бесігі!” мемлекеттік бағдарламасының аясында ауқымды жобалар қолға алынды. Соның арқасында шалғай  елді мекендерде медициналық мекемелер, бала-бақша, мектептер жөндеуден өтіп, жолдар жөнделді. Су құбырлары тартылды. Бұл жұмыстар  биыл да жалғаспақ.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы  Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, биыл  алпыс үш  ауылда 75 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл елді мекендерде жүз мыңнан астам адам тұрады. Бөлінген қаржы көлемі 11,0 млрд  теңге.  Даму жобаларына 4,3 млрд  теңге қарастырылған. Қаражат 2023 жылы басталған жобаларды аяқтауға және жаңа нысандарды  салуға, қайта жаңартуға жұмсалмақ. Басқарма басшысы солардың бір қатарын атап өтті. Мәселен, Амантоғай ауылында жабық спорт залы, Аманкелді аудандық ауруханасына арналған қазандық, Федоров  кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Фрунзе ауылындағы блок-модульді қазандық, Жітіқара ауданы Пригородное ауылының ауылдық мәдениет үйіне арналған сыртқы инженерлік желілер мен БМК, Қарабалық кентіндегі хоккей корты ел игілігіне айналатын болды.

            “Әлеуметтік инфрақұрылымға 2,3 млрд теңге бөлу көзделген. Оған  Қамысты ауданындағы Қарабатыр және Федоров ауданындағы Костряков ауылдарында 2 екі жылдық жоба жалғасады. Оның үстіне биыл Әулиекөл ауданындағы Новонежин, Қостанай ауданыдағы  Жданов, Сарыкөл ауданындағы  Барвинов және Федоров ауданындағы  Баннов ауылдарында төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.  Ал Қарабалық ауданының Новотроицк, Меңдіқара ауданының Красная Пресня және Степановка ауылдарында үш ФАП, сондай-ақ,  Жітіқара ауданының Милютин және Арқалық қаласының Ашутасты  ауылдарында екі мәдениет үйі іске қосылады”, – дейді Гүлбарам Мұсағазина.

Бұдан басқа, 39 ауылда кентішілік жолдарды орташа жөндеуге  43 жоба әзірленген. Олардың ұзындығы шамамен шақырым. Жол құрылысына  4,2 млрд.теңге бөлінді. Жалпы, “Ауыл – ел бесігі!” жобасын іске асыру облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жағымды әсер етеді. Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жуырда ол өз сөзінде:

“Ауылдың дамуы – бүкіл елдің дамуы”, – деп атап өтті.

Біздің облысымызда да елдімекендерді дамытуға көп көңіл бөлінген. Мемлекеттік бағдарламалардан басқа ауылға жеке кәсіпорындар да көмектесіп жатыр. Өткен жолы ауылға үйлер салуды, абаттандыруды және түрлі көмек көрсетуді көздейтін меморандумдар жасалды. Аталған тәжірибе өз тиімділігін көрсетті.

            “Бұл ауыл тұрғындарының өміріне оң әсерін тигізіп отыр. Мұндай ілкімді жұмыстарды одан әрі  жалғастыратын боламыз, Ерекше айтып өтетін жәйт, былтыр ауылдарды қаржыландыруға 70 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл сома 83 млрд теңгеге артты. Мемлекеттік барлық бағдарламаны есепке алсақ, қаражат көлемі жыл ішінде  өсе бермек. Біз аудан орталықтарына ерекше мән беруіміз керек. Өйткені, ауылдарда тұратын 320 мың адамның 150 мыңы аудан орталықтарында түтін түтетіп отыр. Осы ретте біз аудан орталықтарын дамыту жоспарларын жасап жатырмыз. Онда дамудың негізгі перспикивалары көрсетілген. Қазірдің өзінде тиісті стандарттар дайын. Әр аудан орталығында мектеп пен аурухана, мәдениет үйінен басқа музыка мектебі үйі, кітапхана, халық театры, музей, спорт кешені жабық мұз айдыны болуы керек Стадиондарды жөндеу қажет деп санаймын. Сонымен қатар, көшелерді қалыпқа келтіріп, тротуар жолдарын салу қажет. Бұл жұмысты іске асыруды биыл бастаймыз”,– деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу