Ардагерлеріміздің майдан даласындағы шайқаста от пен оқтың ортасында көрсеткен ерлігі мен батылдығы, тылдағы еңбегі жауды тізе бүктірді.
Жеңіске қостанайлық жауынгерлерде лайықты үлес қосты.
Қостанайдан майданға аттанған 151-ші жеке атқыштар бригадасы күллі Еуропаны басып өтіп, Берлинге дейін жетіп, Рейстагқа жеңіс туын тікті.
Бұл туралы облыс әкімі Құрмар Ақсақалов қала тұрғындарын 9-шы мамыр Ұлы жеңіс күнімен құттықтауында айтты.
“Жеңіс” саябағына гүл шоғын қойды.
Салтанатты іс-шараға жергілікті билік өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
“Баршаңызды мәртебесі биік тоғызыншы мамыр Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған қастерлі күндердің бірі. Осы күні соғыста опат болған, дүниеден өткен бастырларды еске алып, арамызда жүрген ардагерлердің алдында бас иеміз. Сол қанды майданда 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олардың қатарында даңқты жерлестеріміз Леонид Беда мен Иван Павловтың екі мәрте батыр атағын ерекше мақтан тұтамыз”, — деді облыс әкімі.
Екінші дүниежүзі соғысы ардагерлерін ұлықтауға арналған іс-шарада соғыс ардагері, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қасымхан Алдабергенов сөз алып, елге ізгі лебізін білдірді.
“Біздің жастықшағымыз соғыста, жаумен бетпе-бет айқаста өтті. Ол күннің бәрі тарих есебінде, тек әңгіме ретінде ғана айтылсын. Менің сіздерге жасымды берсін, бейнетімді бермесін. Елімізде тек жақсылық болып, әр үйден сәбидің күлкісі, шаттық ән мен күй кетпесін. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын”, – деді Қасымхан Алдабергенов.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ