25 июня, 2025
Қостанайлық театр әртісі Шара Мүсілова 70 жаста

Қостанайлық театр әртісі Шара Мүсілова 70 жаста

«Театр — Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Ал оның көркі — сахнагер әртістер. Арамызда өзгеше өнерімен көзге түсіп, халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген майталман мамандар жетерлік. Сондай жандардың бірі де бірегейі — І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының беделді актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері Шара Мүсілова.
Осынау дара дарын иесі 70 жасқа толып отыр. Актрисаның мерейтойына арналып, театрда рухани іс-шара өтті.
Әуелі өңір зиялыларының, өнерін ардақ тұтатын қауымның қатысуымен Шара ханыммен жүздесу өтті. Өмірі мен өнер жолы жөнінде бейнебаян көрсетіліп, сырлы сұхбат өрбіді.

Бұдан соң басты сахнада жиылған қауым назарына театрландырылған концерт ұсынылды. Театр әртістері, ізбасарлары Шара Мүсілованың балалық шағы, алғаш өнер өлкесіне қанат қақтырған тағдыршешті оқиғалар, әншіліктен бастау алған рухани өмір-сапары арқау болған қойылымды жоғары деңгейде ойнап шықты. Кеш әнмен әрленіп, әсем де әсерлі өтті.Кейін мерейтой иесі сахнаға шақырылып, құттықтаулар легіне кезек берілді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қуаныш иесіне өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты. Ақын Серікбай Оспанұлы бастап, актер, ҚР Мәдениет қайраткері Қонысбек Бегайдаров қостап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Актрисаның туған өлкесі — Батпаққара өңірінен келген, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Әлмағамбетов, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Сағынғали Зәкірұлы Шара апамызға «Туған жердің құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Жалпы, жан-жақтан арнайы келіп қатысқан басқа да меймандар, шәкірттері игі тілектер айтып, ықылас гүлдерін беріп, қалың көпшілік қошеметке бөледі. Кеш иесі де ағынан жарылып алғысын айтты.Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген — Балауса ЖҮНІС