Қостанайлық полицей “Ерлігі үшін” медалін иеленді

Қостанайлық полицей “Ерлігі үшін” медалін иеленді

Қостанайлық тәртіп сақшысы Әлімжан Рүстемовке Республика күні қарсаңында Президент марапаты табыс етілді.

Ұлттық ұланның Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөлімінің, әскери полициясы бөлімшесінің аға анықтаушысы лейтенант Ә.Рүстемов адам өмірін құтқарып қалған еді. Оқиға осы жылдың 5 мамырында Қостанай қаласында болды. Көп қабатты үйлердің бірінде 13-14 жас шамасындағы қыз бала 5-қабаттан секіруге оқталған. Дер кезінде сол орыннан табыла кеткен Әлімжан оқыс қимылдап, қайғылы жағдайдың алдын алды. Тез шешім қабылдап, жедел әрекет етуінің арқасында бір отбасыны қасіреттен құтқарды.

“Мұны өзімнің азаматтық міндетім, парызым деп санадым. Кім-кім де осындай жағдайда селсоқтық танытпас еді. Кеш уақытында, жұмыстан қайтып келе жатқанымда өз-өзіне қол салмақ болып тұрған жеткіншекті көріп қалдым. Абырой болғанда оның ойлаған әрекетін жасауына кедергі болып үлгердім. Өрімдей жас қыздың өмірін өлімнен арашалап қалуға себепкер болғанымды зор ғанибет көремін”, – дейді Әлімжан.

Оның бұл батырлық ісі ескерусіз қалмай, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының мәртебелі марапатын иеленді.

Жаңалықтармен бөлісу