21 жастағы күдікті түнде Volkswagen маркалы көлігін шағын аудандарының біріндегі үйдің ауласынан ұрлап кеткен. Кілт көліктің ішінде болғандықтан, ұрлық жасау оған қиындық тудырмаған.
Қаланың солтүстік бөлігіне жеткенде, патрульдік полицияның қызметтік көлігін көре сала, жүргізуші күмән тудыратын маневр жасап, содан кейін жарық бағанына соғылған.
“Тексеру барысында полицейлер жүргізушінің көлік басқару куәлігі жоқ екенін және оның алкогольдік ішімдік ішкенін анықтады. Медициналық куәландыру да оның мас екенін айғақтады. Ал көлік иесі тіпті оның мүлкі ұрланғанын байқамаған. Бұл туралы оған полиция қызметкерлері хабарлады. Автокөлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінсіз мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот құқық бұзушы 20 тәулікке қамауға алынды. Көлік тергеу кезінде мамандандырылған тұрақта болады”, – делінеді облыстық ПД хабарламасында.
“ВАЗ 2110” көлігін ұрлаған 37 жастағы екінші жүргізушіні де полиция қызметкерлері ізін суытпай құрықтады. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер оның көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Сонымен қатар оның алкогольдік ішімдік тұтынғаны расталды.
“Тексеру барысында оның бұл автокөлікті Меңдіқара ауданының Қасқат ауылынан ұрлап кеткені белгілі болды. Көлік иесі оны жөндеуге берген және басқаруға рұқсат етпеген. Мас күйінде және жүргізуші куәлігінен айырылса да автокөлікті басқару, сондай-ақ, көлік ұрлау фактісі бойынша бірден екі сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірінші қылмыстық құқық бұзушылық үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, екіншісі үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған”, – делінеді хабарламада.
Айта кетейік, республика аумағында 21-23 қазан аралығында “Автомобиль” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Үш күн ішінде Қостанай облысының полицейлері бұрын жасалған жеті ұрлықты ашты. Сонымен қатар автокөліктердің бөлшектерін заңсыз сатқан 19 өнірдің тұрғындары жауапқа тартылды.