Республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңінде Қостанай NIS оқушылары бірінші және екінші орындарға ие болды.
Атап айтқанда, Санжар Құсдәулетов, «Математика» секциясы бойынша «Квадраттық теңдеулердің шешімі» ғылыми жұмысымен I орын жеңіп алды. Сондай-ақ, Амина Искакова мен София Синицина «EWA» биометриялық аутентификация жүйесі» ғылыми жобасымен II орынды иеленді.
– Байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын, бірақ бұл жеңіске ғылыми жетекшім Майра Мырзабекқызының арқасында қол жеткіздім деп білемін. Есеп-қисаптарға, бітпейтін өңдеулерге, толықтыруларға, өзгертулерге кеткен уақыт өз жемісін берді. Биыл Тараз қаласында оффлайн қатысу мүмкін болмады, дегенмен бұл өзімді жоғарғы деңгейде көрсетуіме ешқандай кедергі келтірген жоқ. Мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген оұушылардың көптеген жұмысымен таныстым. Арасында лайықты ғылыми жобалар болды, бұл бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта жұмысымды ары қарай жетілдіріп, жаңа белестерді бағындырсам деймін, – дейді Санжар.
Жүлдегер Әмина мен София да өз жобаларының мән-маңызы туралы айтып берді.
– Қазақ тілінің фонемаларына негізделген синтез бен тану енгізілген дауыс көмекшілері бағытында отандық дамуды көрмедік. Сондықтан осы жобаны қолға алдық. Әзірлеу жылға созылды және біздің құрылғымыздың міндеті қазақ тілін түсініп, жауабын сол тілде шығару болды, – деп түсіндірді Әмина мен София.
– «EWA» – математика, физика және биологиядағы есеп шарттарын дауыспен енгізу және шешу, тегін ақпарат көздерінен, WolframAlpha және т.б. сұрақтарға жауаптарды дауыспен іздеу, құрылғыларды дауыспен басқару, мысалы, бөлмедегі жарықты қосу, бөлмедегі температура мен көмірқышқыл газының датчиктерінің күйі туралы мәліметтер алу, қазақ және орыс тілдеріне аудармашы, ойын-сауық функциялары және ертегілерді жаңғырту. Бұл – бірегей жоба, – дейді ғылыми жетекші, информатика пәнінің мұғалімі Александр Шерцер.
Республикалық ғылыми жобалар байқауында жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 700-ден астам жоба ұсынылды. Биылғы оқу жылында еліміздің 905 жас ғалымы Google Meet платформасында өз жобаларын қорғады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына NIS-тің жұлдызды оқушылары да енді. Зияткерлік мектептердің медальдық қоржыны 70-тен астам түрлі марапатпен толықты.
Қазылар алқасының шешімімен қорытынды кезеңнің 484 жеңімпазы мен жүлдегері анықталды (қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша – 170, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша – 314). Оның ішінде І дәрежелі диплом мен алтын медальға 92 қатысушы (77 жоба), ІІ дәрежелі диплом мен күміс медальға 154 қатысушы (114 жоба), ІІІ дәрежелі диплом мен қола медальға 238 қатысушы (188 жоба) ие болды.