Рудныйда 280 орындық балабақша салынады

Рудныйда 280 орындық балабақша салынады

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында кеншілер қаласында кең ауқымды бөбекжай пайда болады.

Жобаны облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы әзірлеген. 280 орындық бөбекжай құрылысына 1,2 млрд теңге бөлінді. Жекеменшік әріптес – «Maden group» ЖШС құрылыс жұмыстарын міндетіне алды.

«Жоба аясында жекеменшік әріптестің инвестициялық шығынын нысан пайдалануға берілгеннен кейін 5 жыл ішінде өтеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жобаның жалпы құнының 30 пайызын бірлесе қаржыландыру жоспарланған. Келісімшартты қарауға арналған комиссия отырысы өтіп, жобаны мақұлдау туралы шешім қабылданды», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.

Басқарма басшысы аталған жобаны облыстық мәслихат депутаттарының талқысына ұсынды. Депутаттар жобаны бір ауыздан қолдады.

«5 сәуірде облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссиясы төрағасы Серік Манасбаев бір топ депутатпен Рудный қаласына барып, осы балабақшамен танысып қайтты. Олар бұл жобаға оң баға берді. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы істелген», – деп толықтырды облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу