Қостанайлық кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен бес баланың анасына Арқалық қаласынан пәтер алып берді

Қостанайлық кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен бес баланың анасына Арқалық қаласынан пәтер алып берді

Су тасқынынан зардап шеккендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін құрылған Арқалық өңірлік штабына алғашқы күннен-ақ назарға іліккен Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Мәдина Әбілғазиеваның баспана мәселесі болатын.

Өңірлік штаб жетекшісі Сайлаубек Ещанов бастаған штаб мүшелері шешімін күткен күрделі мәселені күн тәртібінен түсірмеді.

Көпбалалы ана Мәдина Серікқызы өңірлік комиссияға жүгініп келді. Осыдан екі-үш жыл бұрын отбасымен 7 адам (өзі, жолдасы және бес баласымен) ауыл тұрғындарының мектепті сақтап қалу өтініші бойынша Қызылжұлдыз ауылына көшіп барады. Шындығында осы кісінің арқасында (4 оқушы баласы бар) мектепті сақтап қалған. Өзі мұғалім болып істейді, жолдасы мектепке от жағушы болып орналасады. Кірген үйі сумен шайылып кеткен. Үйді сол ауылдың байырғы тұрғынынан 300 мың теңгеге сатып алған.

“Құжатын уақытылы рәсімдей алмаған. Қолында тек үй иесінің берген қолхаты ғана бар. Бір жылдан кейін мынадай апатты жағдай болып отыр. Сондықтан, бұл кісі далдада қалатын қаупі болғандықтан өңірлік штабқа жүгініп келген»,– дейді өңірлік штаб жетекшісінің орынбасары, Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева.

Өңірлік штабтың бұл мәселені үздіксіз көтеруінің арқасында ол кәсіпкерлер назарына ілігіп, қостанайлық бизнесмен, «Возрождения» неміс этно-мәдени орталығының басшысы Сергей Блок су тасқынынан зардап шеккен Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Мәдина Әбілғазиеваға Арқалық қаласынан үш бөлмелі жайлы пәтер сатып әперді.

«Жағдайымызды айтып, алдарына барғанда меселімізді қайтармаған,жан-жақты нақты көмектерін беріп жатқан үкіметімізге, облыс, қала басшылығына жәнеаймағымыздың ірі кәсіпкерлерінің бірі Сергей Ивановичке зор алғысымды білдіремін»,– дейді көпбалалы ана Мәдина Әбілғазиева.

Осылайша, ауыл тұрғыны өмір бойы армандаған жекеменшік баспанасына ие болды. Енді, оның басында үйі де бар, түпкілікті жұмыс орны да бар.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу