Бүгін облыс әкімдігі мен “Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры Жанкелдин және Аманкелді аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап, баспана салу туралы Меморандумға қол қойды.
“Қор қаржысымен жергілікті атқарушы орган ұсынған үлгілік жоба бойынша 100 үй салынатын болады. Меморандум құрылыс жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете отырып, қысқа мерзімде баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған”, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл туралы.
Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін әрбір құрылыс компаниясына көлік логистикасына жауапты компания бекітіледі. Мемлекет басшысы айтқан уақытқа дейін зардап шеккендердің барлығы да баспанамен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің ірі бизнесмендері тартылады, олар жаңа тұрғын үй салуға көмектеседі немесе зардап шеккендерге баспана сатып алып беретін болады.
“Біздің алдымызда табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тұр. «Қазақстан халқына» қоры 100 жаңа үй салуға қаржы бөлуге дайын. Біз бүгін құрылысқа қажетті техникасы бар ірі кәсіпорын басшыларымен кездесу өткіздік. Олардың көпшілігі су тасқынының салдарын жоюға көмектесуге дайын екенін білдірді”, – деді өңір басшысы.