Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы жаңа халықаралық бағытпен толықты. 13 маусым күні Өзбекстан астанасы Ташкенттен ұшып шыққан алғашқы жолаушылар рейсі өңірге келіп қонды.
Осылайша Қостанай мен Ташкент арасында тікелей әуе қатынасы жолға қойылды. Жаңа бағыт бойынша келген әуе кемесін әуежай қызметтері авиация саласындағы дәстүрге сай қарсы алды. Ұшақ әуежай аумағына кірген сәтте өрт сөндіру қызметінің арнайы көліктері су шашып, «су аркасын» жасады. Бұл рәсім жаңа рейстің ашылуына орай ұйымдастырылды. Ал жолаушыларды өңір өнерпаздары сән-салтанатымен қарсы алды.
Енді облыс тұрғындары Орта Азияның ең ірі қалаларының бірі – Ташкентке жету үшін ұзақ жол жүріп немесе бірнеше бағытқа ауысып мінуге мәжбүр болмайды. Өңір тұрғындары үшін халықаралық әуе қатынасының жаңа мүмкіндігі ашылып, Қостанай мен Өзбекстан астанасын тікелей байланыстыратын тұрақты рейс іске қосылды.
«Қостанай» халықаралық әуежайы АҚ Басқарма төрағасы Асқар Бекбосыновтың айтуынша, жобаны іске асыру ұшулардың географиясын кеңейтіп, өңірдің транспорттық қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Ташкент – тұрғындар мен туристер үшін тартымды бағыттардың бірі. Сондықтан бұл бағытты ашу туралы көп ойланған жоқпыз. Біздің алдымызға қойған алғашқы мақсаттарымыздың қатарында Стамбұл мен Ташкент болды. Бүгін Ташкент бағытын ресми түрде ашып отырмыз. Осылайша жоспарланған маңызды бағыттардың бірін іске қостық. Алдағы мақсатымыз – Қостанай мен Стамбұл арасындағы тікелей әуе қатынасын жолға қою. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша екі әуе компаниясымен – AJet және Turkish Airlines компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әуежай тарапынан барлық қажетті ақпарат берілді, әуе тасымалдаушыларының сұраныстары мен ұсыныстары қарастырылуда. Қызығушылық бар. Сондықтан жақын уақытта Қостанай – Стамбұл рейсін іске қосуға мүмкіндік туады деп сенеміз», – деді Асқар Бекбосынов.
Ташкент бағыты бойынша да бірнеше әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілген болатын. Атап айтқанда, Centrum Air және Uzbekistan Airways компанияларымен жұмыс атқарды. Нәтижесінде дәл Centrum Air әуе компаниясы бұл бағытты ашуға қызығушылық танытқан.
«Қазіргі уақытта рейстер аптасына бір рет орындалады. Дегенмен біз қазірдің өзінде екінші жиілікті енгізу мәселесін талқылап жатырмыз. Алғашқы рейстің жүктемесі жақсы көрсеткіш көрсетті. Бүгінде алғашқы рейске 130-дан астам жолаушы билет сатып алған. Әдетте жаңа ашылған рейстердің алғашқы кезеңінде жүктеме 30-40 пайыз шамасында болады. Ал бізде көрсеткіш 50 пайыздан асып отыр. Бұл өте жақсы нәтиже саналады. Ташкент бағыты бойынша Airbus A320 әуе кемесі пайдаланылады. Бұл – Францияда өндірілген, 180 жолаушыға арналған заманауи ұшақ», – дейді әуежай басшысы.
Жалпы соңғы жылдары Қостанай әуежайының халықаралық бағыттар желісі кеңейіп келеді. 2024 жылдың қыс мезгілінде Вьетнамның Фукуок аралына рейс ашылды. Кейін Камрань бағыты іске қосылды. Осылайша Вьетнамға рейстер жыл бойы орындалып отыр. Бұдан бөлек Шарм-эль-Шейх пен Анталияға рейстер де тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Енді бұл бағыттардың қатарына Өзбекстан да қосылып отыр. Айта кету керек, Анталия, Шарм-эль-Шейх және Вьетнам бағыттары чартерлік рейстер болса, Ташкент бағыты тұрақты халықаралық рейсі саналады.
«Өткен жылы Қостанай халықаралық әуежайы 454 мың жолаушыға қызмет көрсетті. Биыл бұл көрсеткіш 500 мың адамға жетеді деп күтілуде. Әуежай аумағындағы қонақүй де жақын арада жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта нысан техникалық іске қосу кезеңінен өтуде. Бұл уақыт аралығында пайдалануға беру кезінде туындауы мүмкін кемшіліктер анықталып, жойылуда. Барлығы жоспарға сай болса, қонақүй екі апта көлемінде ресми түрде ашылады», – деді ол.
Әуежай басшысы Стамбұл бағытынан бөлек, біз тағы бірнеше жобаны пысықтап жатқандарып жеткізді. Атап айтқанда, Ақтау және Өскемен қалаларына қатынайтын ішкі рейстерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда негізгі күш осы бағыттарды іске асыруға бағытталған.
Әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша да бірқатар жаңалық бар. Биыл халықаралық жолаушыларға арналған Duty Free дүкені ашылды. Жақын уақытта шетелден келетін жолаушылар үшін валюта айырбастау пункті іске қосылады. Оның артықшылығы – әуежайдағы айырбастау пункттері заңнамаға сәйкес түнгі уақытта да жұмыс істей алады. Сонымен қатар халықаралық терминалды кеңейту жобасы қолға алынуда. Қолданыстағы ғимаратқа қосымша құрылыс салынып, толыққанды халықаралық жолаушылар залы ашылады. Қазіргі уақытта Қостанайдан Астанаға рейстер қарқынды орындалуда. Күн сайын кемінде үш рейс ұшады, ал аптаның кей күндері олардың саны төртке дейін жетеді. Алматы бағыты бойынша аптасына 11-12 рейс орындалады. Бұдан бөлек, Шымкент бағытын жыл бойы қатынуға қол жеткізіліп отыр. Яғни, бұрын бұл рейс тек маусымдық негізде орындалса, енді тұрақты кестеге енгізілді. Рейстерді SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады.
Өзбекстанның «My Freighter» (Centrum Air) әуе компаниясы Ташкент – Қостанай бағытындағы жаңа халықаралық рейсті орындады. Ұшып келген жолаушылар да дән риза. Алғашқы рейспен келген жолаушылардың бірі Гүлнар Маденова.
«Тікелей рейстің ашылғаны біз үшін өте жақсы жаңалық болды. Ұшу барысында бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жол өте тез өтті. Ұшу уақыты небәрі 2 сағат 20 минутқа созылды. Ұшаққа отырғызу да, сапардың өзі де жайлы болды. Бұрын мұндай бағыттарға жету үшін әлдеқайда көп уақыт жұмсайтынбыз. Ал тікелей рейстің арқасында жол айтарлықтай қысқарды. Мұндай рейстің ашылуы өте ыңғайлы. Екі ел арасындағы қатынас нығайып, тұрғындардың бір-біріне баруы әлдеқайда жеңілдей түседі деп ойлаймын», – дейді жолаушы.
Өзбекстанның Навои облысы, Зарафшан қаласының тұрғыны Аққұбаш Шығанбаева жаңа бағыттың ашылуы үлкен қуаныш болғанын айтады.
«Мен Өзбекстанның Навои облысынан келдім. Бұрын Қостанайға жету үшін екі-үш күн жол жүретінбіз. Ал бүгін жаңа рейспен ұшып шығып, екі жарым сағатта келдік. Өте жақсы болды, жол қысқарды. Бұрын пойызбен екі күн, бір түн жол жүретінбіз. Әбден қиналып келетін едік. Құдайға шүкір, енді бәрі әлдеқайда жеңілдеді. Бұл жолы Қазақстанға туыстарыма келдім. Сіңілімнің ұлының тойына қатысамын. Осыған дейін жылына бір рет қана келуге мүмкіндік болса, енді тікелей рейстің арқасында жиірек келетін шығармыз. Мұндай әуе бағытының ашылғаны біз сияқты ағайын-туысы Қазақстанда тұратын адамдар үшін өте қолайлы болды. Осындай мүмкіндік жасап отырған азаматтарға алғыс айтамын. Құдайға шүкір, бәрі жақсы ұйымдастырылған», – дейді Аққұбаш Шығанбаева.
«біраз жылдар бұрын Навои облысынан көшіп келгенбіз. Он бір ағайындымыз, соның бәрі Қазақстанда, Рудный қаласында тұрады. Тек бір әпкеміз тұрмыс құрып, Өзбекстанның Навои облысында қалып қойған еді. Жыл сайын бізге қонаққа келіп тұратын, бірақ жолдың ұзақтығына байланысты жылына бір-ақ рет келуге мүмкіндік болатын. Бұрын жолға бірнеше күн кететін. Бару-қайтуының өзі бірнеше күнге созылатын. Ал қазір Ташкент – Қостанай тікелей рейсінің ашылуының арқасында бауырымыз екі жарым сағаттың ішінде жетіп келді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Енді жылына бір рет қана емес, туған күндерге, отбасылық мерекелерге де жиі келіп-кетуге мүмкіндік туды. Осындай жағдай жасап, екі ел арасындағы қатынасты жеңілдетіп отырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Ағайын-туыстың арасы жақындай түсті деп ойлаймын», – дейді Рудный қаласының тұрғыны Амангүл Шығанбаева.
Ташкент – Қостанай бағытының ашылуы тек жаңа әуе рейсінің іске қосылуы ғана емес, екі ел арасындағы ынтымақтастық және туыстық байланыстарды жақындатқан маңызды қадам болды. Алғашқы рейсті қарсы алуға келгендердің жүзіндегі қуаныш жаңа бағыттың халық үшін қаншалықты қажет болғанын аңғартты.

Бұған дейін бірнеше күнге созылатын жол енді екі жарым сағатта еңсеріледі. Бұл өз кезегінде туыстардың араласуын жеңілдетіп, туристік, мәдени және іскерлік байланысты дамытуға жол ашты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
