Тобыл төңірегіндегі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай кең ауқымды іс-шаралар Жеңіс саябағынан бастау алған жартылай марафонмен ашылды. Оған үш жүзге жуық қала тұрғындары мен спортсүйер қауым қатысып жатыр.
Марафон бірнеше қашықтыққа жоспарланған – 2,4, 10 және 21 шақырымдық. Әр қатысушы өз мүмкіндігіне қарай қашықтықты таңдауға мүмкіндік алып, Жеңіс саябағынан Федоров тас жолына қарай жолға шықты.
«Бұл жарысты – тек спорт емес, бейбітшілік пен тарихқа деген құрметтің шынайы белгісі деп ұғынамыз. Жеңістің рухын осылай да сезінуге болады. Кәсіби спортшыларға ғана емес, барлық жастағы адамдарға арналуымен ерекшеленеді», – дейді жарыстың бас төрешісі Төкеш Тілеубайұлы.
Бұл марафонды қалалық спорт бөлімен бірігіп, «Наш Костанай» газетінің ұжымы ұйымдастырып отырғанын айта кетейік.
Марафонмен қатар, жылдағы дәстүр бойынша Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткелі тұр. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер мен жастар қатысады.
Ескерткіш алдында соғыста қаза тапқан жауынгерлерге бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетіледі.
Айбек ЖҮЗБАЙ