Облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейі ұйымдастырған кеш «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, ақын әрі ұлағатты ұстаз Ғ. Әмірхамзиннің өмір жолына арналды.
Ғабдол-Ғазез Әмірхамзаұлы 1913 жылы бұрынғы Торғай уезі, Қараторғай болысы, Батпаққара ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесі Әмірхамза Досжанұлы молдадан дәріс алған. Кейін Қараторғай болыстық мектебінде оқыған.
Мектепте мұғалім болып елге қызмет жасап, өз алдына мектеп те ашып, оған өзі басшы болған. Әкесі «халық жауы» атанып, атылып кетеді. Кейін ақталған.
Ғазез атамыз соғыстың басынан-аяғына дейін қатысып, сол сұрапыл күндердің кейпін өлеңге айналдырған зобалаң заманның куәгері еді.
Тағылымды кеште қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Бәйділин, музей басшысы Рауан Терек, майдангердің ұрпақтары: ұлы Ниязбек пен қызы Шәмшия сөз сөйлеп, ғибратты естеліктерімен бөлісті. Жауынгер ақынның «Солдат сөзі» поэмасынан үзінділер оқылды. Әуезді әндер шырқалды.
«Ғазез атамыз халқына адал қызмет еткен тұлға. Ол — ұрпақтарына ерліктің үлгісімен қатар, отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің маңыздылығын үйретті. Аталар жолы – халқымыздың қаһармандық тарихының жарқын беті. Олардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды», – дейді кешті жүргізуші, ақын, ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев.
Кеш соңында марқұмның рухына құран бағышталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы