Жеңіл көліктер компонентерін өндіретін локализация орталығы жуық уақытта іске қосылатын жетінші ірі өндіріс орнына айналмақ. Болашақ кәсіпорынның құрылыс барысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.
Орталықтың іргетасы қала сыртындағы Индустриялық аймақта қалану үстінде. Ол құрылысы қызу жүріп жатқан келешек КІА зауытының маңынан орын тепті.
Жобаға 17 млрд теңгеден астам инвестициялық қаржы тартылды. Нысанның жалпы аумағы 30 мың шаршы метр. Қазірдің өзінде фундамент-бетон құю жұмыстары аяқталып, металл қаңқалары құрала бастаған.
Жоспар бойынша, локализация орталығы осы жылдың төртінші кварталында аяқталуы мүмкін. Ал одан соң Қостанайда өндірілетін жеңіл көліктер үшін бампер, орындық және басқа да көптеген қажетті компоненттер шығарыла бастамақ.
«Нысан жобасын отандық компаниялар әзірлеп, құрылысымен өзіміз айналысып жатырмыз. Ал орталықты екіжақты меморандум негізінде корейлік компаниялар технологиямен қамтиды. Мұнда келешекте герметика, лактау-сырлау материалдарын өндіру де көзделіп отыр. Әзірге белгілісі, орталықта КІА, шевроле және қытайлық жеңіл көлік брендтерінің біріне автобөлектер әзірленеді», – дейді Allur компаниялар тобының өндірісті локализациялау басқармасының басшысы Сергей Могилатов.
Ол өңір басшысына жобаның сызбалық нұсқасын таныстырып, өндіріс орнының құрылыс жұмыстары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, орталық толық іске қосылған соң жаңадан 800-ге жуық жұмыс орны құрылады. Өңір басшысы мұның зор маңызға ие екенін тілге тиек етті.
«Машина құрастыру саласында төрт ірі зауытымыз жұмыс істеп жатыр. Соңғысын былтыр іске қосқан едік. 550 азамат жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, КІА зауыты пайдалануға берілсе, 1,5 мың адам жұмысқа тартылады. Жүк көліктерінің бөлектерін шығаратын зауытта да 500-ден астам жұмыс орны құрылмақ. Ал құрылысы биыл басталған осы жетінші зауыт та көптеген адамды кәсіппен қамтығалы отыр. Жалпы, қазір машина жасау зауыттарында 5 мыңнан астам жұмыс істеп жатыр. Енді олардың саны 7,5 мыңға жетпек», – деді облыс әкімі.
Қазір құрылыс алаңында күн сайын жүзге жуық адам жұмыс істеп жүр. Күн жылынғасын жұмысшылар қатары көбейтіле түсіп, межелі жоспарды сапалы әрі уақытылы аяқтауға күш салынбақ.Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда көзделіп отырған мақсат – облыс экономикасын үш бағыт бойынша қарқынды дамыту. Біріншісі – машина құрастыру саласы. Екіншіден, қара металлургия өндірісіне серпін бере түсу қажет. Үшіншіден, өңір ауыл шаруашылығы өнідмерін қайта өңдеу орталығына айналуға тиіс. Осы бағыттарда нысанаға алынған ауқымды жобалар мен жоспарлар жүйелі жүзеге асырылып жатыр.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ