Өңірде кәсіпкерлік қызмет ісіне кедергі жасаған үш адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік сатып алу кезінде бұзушылық үшін екі ескерту берілсе, ал мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметкері заңсыз тексеру жүргізгені үшін жазаланған. Сондай-ақ, міндеттерін тиісінше орындамағандар ескерту алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысы Бауыржан Ұзынжастың айтуынша, сыртқы талдау қорытындысы бойынша облыстың ТЖД қызметінде бизнес субъектілеріне тексеру жүргізудің ашық процестері белгіленбеген. Бұл мәселе облыс әкімінің қатысуымен өткен комиссияда қаралып, жетон-бейнетіркегіштерді қолдануға кеңес берілген.
“Нәтижесінде ТЖД 106 “Sakram t5″ портативті бейнетіркегіштерін сатып алды. Бұған дейін олардың тек 6 бірлігі болған. Бұл ТЖД органдарының тексерулер жүргізуінің ашықтығын қамтамасыз етуге сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен ШОБ қысымын болдырмауға мүмкіндік берді”, – дейді Бауыржан Ұзынжас.
Департамент басшысы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік” жобасына да тоқталды. Айтуынша, аталмыш жобаның нәтижесі де айтарлықтай екен. Жобаға қатысуға 100-ден аса адам ниет білдірген.
“Олар нысаналы топтар арасында кездесулер, әлеуметтік сауалнамалар, құқықтық консультациялар өткізеді. Мемлекеттік сатып алулар мен проблемалық объектілерге қоғамдық бақылау жүргізіп отырады. Жоба басталғаннан бері мемлекеттік сатып алу порталының мониторинг қорытындысы бойынша еріктілер шамамен 800 млн теңге, биылдың өзінде 182 млн теңге үнемдеді. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында еріктілер Рудныйдан В класындағы автокөлікті 17 990 000 теңгеге сатып алғанын анықтады. Біздің ұсыныстарымыз бойынша құны 5 990 000 теңгеге төмендетілді”, – дейді Департамент басшысы.
Алдын алудың тиімді құралдарының бірі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг екен. Биыл Департамент ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қаражатты жұмсау мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингке бастамашылық жасаған. Құрылыс нормаларына сәйкес ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстардың сметалық құны жергілікті сметаны жасай отырып, ақаулы актілер негізінде айқындалады. Алайда, жекелеген тапсырыс берушілер шығыс бөлігіне қосымша шығындарды негізсіз енгізген.
“Құрылысты тұтастай ұйымдастыруға, уақытша ғимараттар мен құрылыстарға, қысқы уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған шығындарға және басқасы. Бұл әдіс Арқалық қаласындағы М. Әуезов атындағы №5 мектепте қолданылды. Бұл жұмыстар көктемгі кезеңде жүргізіліп, 2023 жылғы маусымда қабылданды. Арқалық өңірлік ауруханасында да осындай жағдай болды. Сонымен қатар, құрылыс нормаларына сәйкес, ағымдағы жөндеу кезінде күтпеген жұмыстар мен шығындарға қаражатты пайдалану олардың нақты болуы туралы актілермен және сметалық есептермен расталуы керек. Қаражаттың пайдаланылмаған бөлігі тапсырыс берушіде қалады және бюджетке қайтарылады. Осыған қарамастан, тапсырыс берушілер жасырын жұмыс актісінсіз жеткізушілерге негізсіз толық төлем жүргізген”, – дейді ол.
Осылайша, 252 нысанға ағымдағы жөндеулер құнын жүйелі түрде асыра бағалау белгіленген. Белгіленген асыра сілтеулердің жалпы құны 109, 6 млн теңге. Депаратмент басшысының айтуынша, құрылыс, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және тағы басқа салада тұрақты мониторинг пен талдау жүргізу жоспарланған.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Алексей ТААХ,
ҚӨУ студенті