Қостанайда Жаңа жыл кеші қалай тойланбақ?

Қостанайда Жаңа жыл кеші қалай тойланбақ?

Қостанай қаласы әкімдігінде Жаңа жыл мерекесіне арналған дайындық жұмыстары пысықталды. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов мәлімдеді.

Күнтізбе бойынша қыс түсті, алайда қар жоқ. Табиғат-ана биыл ерекше қылық көрсетуде. Десек те күн райының құбыла салуы әп-сәтте ғой. Қар жаумады екен деп қол қусырып отыруға бола ма? Сондықтан қала басшылығы мерекеге орай іс-шаралардың жоспарын дайындап, көпшілікке таныстырды. Баяндамашының айтуынша, әзірлік қаланы безендіруден басталады. Қалалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар балалардың асыр-салып ойнауына қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық берілмек. Себебі, жаңа жылдан соң оқушылар қысқы демалысқа шығады. Сол кезде балғындар бос уақыттарын тиімді өткізуі тиіс.

Мерекеге орай әртүрлі мәдени-бұқаралық, спорттық, қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады. Облыс әкімдігінің алдындағы алаңғы мұз қалашығы, Баймағамбетов көшесіне үш жолақтан тұратын, ұзындығы 24 метрлік үлкен сырғанақ салынады. Облыстық мәдениет басқармасы ғимаратының маңындағы алаңға бүлдіршіндерге арналған екі жолақты, 15 метрлік шағын сырғанақ және мұз лабиринті орнатылады. Шахмат клубының қасына «Тарелочка» мұз аттракционы жасалмақ. Аяз ата мен Ақша қар және келер жылдың белгісі – жылқы мүсіндері, «2026» жарық қондырғысы, Әл-Фараби көшесіндегі шыға беріс екі арка мұз қалашығының әрін кіргізіп, сәніне мән қосары сөзсіз.

Қаланың шағын аудандары да назардан тыс қалмайды. КСК-дағы «Жастар» бульварында ауданы 325 шаршы метрлік шағын сырғанақ, Юбилейный шағын ауданындағы «Жастар сарайының» маңына 840 шаршы метрге үлкен сырғанақ пен тағы бір сырғанақ салу жоспарланып отыр. Қала бойынша жеті субұрқақ көркем безендіріледі.

 

Жаңа жылдық безендіруге бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен көпқабатты тұрғын үйлер иелері, қарапайым тұрғындар да үлес қоспақ. Қараша айында Қостанай қаласында «Үздік жаңа жылдық безендіру» байқауы жарияланған болатын. Ол туралы біз газетімізде хабарладық.

«Бұл байқау көпшілік арасында зор қолдауға ие болды. Қатысушылар саны да жылма-жыл көбеюде. Биыл жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тағайындалды. Негізгі мақсат — ғимараттардың, құрылыстардың және оларға іргелес аумақтардың қасбеттерін мерекеге сәйкес безендіру. «Үздік безендірілген қысқы аула» байқауы көпқабатты тұрғын үйлер иелерінің басқарушы ұйымдары арасында өтеді. Байқау нәтижесінде үш аталым бойынша үздіктер іріктеліп, жеңімпаздар 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болады. «Үздік жаңа жылдық безендіру» байқауы екі аталым бойынша ұйымдастырылады. Ол жерде бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бақ сынайды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталмақ. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды қатысуға шақырамын. Өтінім 21-желтоқсанға дейін қабылданады. Ережесі қала әкімдігінің сайтына, БАҚ пен әлеуметтік желілерге жарияланды», – деді Мәжит Шүленов.