Кәсіптік бағдар – болашаққа жол

Кәсіптік бағдар – болашаққа жол

Мамандықтың жаманы жоқ, ал түрі өте көп. Ең дұрысы әркім өз ісін жетік меңгерсе, нақ шебері атануға тырысса болғаны. Ол үшін таңдаған кәсібіңе сүйіспеншілікпен қараған дұрыс.

Мемлекет басшысы биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны да бекер емес. Ауыр еңбектің иелерін көпшілікке дәріптеу, жас ұрпақты шеберлікке баулу баршамызға ортақ міндет. Осы ойдың жетегімен біздің білім ошағы 8-9 сынып оқушыларына арнап кәсіби бағдар беру күнін ұйымдастырды.

Кәсіптік бағдарлау білікті маман болуға жол ашады. Сол себепті мектебіміздің 8-9 сынып оқушылары Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжіне барып, мамандықтар әлемімен жақынырақ танысып келді. Балалар колледждің оқу кабинеттерін , заманауи жабдықталған шеберханаларын көріп, түрлі техникалық бағыттар бойынша ақпарат алды. Колледж оқытушылары мамандықтардың ерекшеліктері мен болашақ мүмкіндіктері туралы түсіндіріп, балалардың сұрақтарына жауап берді.

Бұл сапар оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға және болашаққа сенімді қадам жасауына үлкен үлес қосады деген ойдамын. Мектеп оқушылары үшін кәсіп таңдауда саналы қадам жасау – жарқын болашақтың кілті іспеттес.

Бота НҰҒЫМАНОВА,

Абай негізгі орта мектебінің мұғалімі.

Қостанай ауданы