Тәуелсіздік күніне арналған Қостанайдың мерекелік жоспары белгілі болды

Тәуелсіздік күніне арналған Қостанайдың мерекелік жоспары белгілі болды

Қостанай қаласы әкімдігі ҚР Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар жоспарын жариялады. Еліміздегі ең қастерлі мереке облыс орталығында 8-16-желтоқсан аралығында атап өтілмек.

Қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов бүгін болған аппарат кеңесінде мерекелік жоспарды таныстырды. Сонымен қатар халқымыз үшін маңызды күннің мәнін тереңірек түсінуге шақырды.

«Тәуелсіздік күні – салтанатты сипаттағы рәсім емес, керісінше, ел дамуының негізгі жетістіктері мен сын-қатерлерін терең саралайтын маңызды кезең. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Қостанай қаласында тақырыптық диалогтық алаңдар, конференциялар, дәрістер, көрмелер, сынып сағаттары және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған. 10 және 16 желтоқсан аралығында Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кітапханалық іс-шаралар циклін жоспарлап отыр – «Тарих белгірлері» брейн-рингі, «Елім деп соққан жүрек» естелік кеші, кітап көрмелері және тағы басқалар» деді Мәжит Шүленов.

Қостанай қаласының барлық білім беру ұйымдарында (39 мектеп, 24 мектепке дейінгі ұйым, 8 қосымша білім беру ұйымы) шамамен 500 іс-шара өткізіп, оған 35 мыңнан астам оқушы қамтылады.

Олар: «Тәуелсіз елдің ұланымыз» атты сынып сағаттары, «Тәуелсіздік – біздің мақтанышымыз» кітап көрмелері, мерекелік сап түзулер, спорттық-сауықтыру сияқты жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған дәстүрлі іс-шаралар кешені.

Қосымша білім беру ұйымдарында 5 мыңға жуық тәрбиеленушіні қамтитын «Менің – Тәуелсіз Қазақстаным» шығармашылық жұмыстар көрмелері өткізіледі.

«8–12 желтоқсан аралығында Қостанай қаласының 13 колледжінде студенттердің патриотизмін, рухани-адамгершілік құндылықтарын және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік апта бойы барлық колледждерде «Біртұтас Отан – Тәуелсіз Қазақстан» атты тақырыптық көрмелер өтеді», – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары.

Маңызды мерекеге қаладағы жоғары оқу орындары да үлес қоспақ. Челябі мемлекеттік университетінде «Тәуелсіздік заңы» бейнероликтер байқауы, Мыржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде «Ұлттық киім — тәуелсіздіктің нышаны» челленджі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Жаңа Қазақстан» интеллектуалды ойыны жоспарлануда.

Облыстық кітапханада «Қазақстан: кеше және бүгін» квест ойыны, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық музейде «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ұлы рухы» естелік кеші болмақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Фото: top-news.kz