Қостанай төрінде дәстүрге айналған тоғызқұмалақтан республикалық турнир биыл 26-рет ұйымдастырылды. Бұл дода тағдырдың жазуымен жастай өмірден озып, артында өшпестей із қалдырған жас ғалым, қоғам қайраткері Батыржан Кенжетаевтың рухына арналды.
Ұлттық зияткерлік ойында бағын сынау үшін елдің әр аймағынан және көрші Қырғызстаннан келген спортшылар бас қосты.
Бабадан қалған мұраны жандандырып, жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған бұл іс-шара – рухани тағзымның бір белгісі болып та жанкүйер қауымның жүрегінде сақталары ләзім.
«Небәрі 29 жыл ғана өмір сүрді, әйтсе де Батыржан бауырымыз қазақ ғылымының тарихына өшпестей із қалдырды. Қазан, Мәскеу, Астрахань, Омбы, Петербург архивтерін ақтарып, қазақ интеллигенциясының қалыптасуын терең зерттеді. Ол жазып қалдырған еңбек – нағыз шындыққа сүйенген шежіре. Оны білген, бірге жүрген барша достары оның үлкен ғалым боларына күмән келтірген жоқ», – деп тебіренеді Батыржанның туған ағасы Батырхан Кенжетаев.
Батыржанның артында қалған жалғыз ғылыми еңбегіне кезінде тарихшы, профессор Хангелді Әбжанов та өз бағасын берген болатын.
Жарысқа биыл ерекше серпін берген – Батыржанның інісі Асылханның ұлы. Әкесі ұлының осы турнирге атсалысқысы келегін айтады.
«Ұлымның есімін Батыржан деп қойдық. Оның атын арқалап, осындай додада бақ сынауы – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш», – дейді Асылхан Кенжетаев.
Турнирдің бас төрешісі Батырхан Әбілбеков жарысқа жалпы саны 100-ге жуық спортшы қатысқанын атап өтті.
«Әр ойыншыға екі сағат уақыт беріліп, 7 тур бойынша шеберлер өзара мықтыны анықтады. Қатысушылардың арасында 2012, 2016 жылы туғандар мен ересектер де бар, – дейді Батырхан Әбілбеков.
Қырғызстаннан келген тоғызқұмалақ шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Қуанышбек Ибрагимов 14 жас спортшысын ертіп келген екен.
«Осыдан сегіз жыл бұрын шәкірт тәрбиелеуге бет бұрдым. Қазір спорт шебері атағын алған балаларым бар. Бұл ойын – тәрбие мектебі. Қазақ бауырлармен арадағы достығымыз осындай рухани байлаулар арқылы бекіп жатыр, – дейді ол.
Науырзым ауданының тумасы, республикалық спартакиаданың жеңімпазы Думан Өтебаевтың ұлттық спорттағы алғашқы жолы осы турнирден бастау алғанын айта кетейік. Бүгінде Қостанай қаласының тұрғыны жарысқа арнап ат басын бұрыпты.
«Мен тоғызқұмалақты алғаш рет осы турнир арқылы таныдым. Екінші сыныпта Новонежен ауылына ауысқанда мектепке Батыржан ағамыздың есімі берілген болатын. Сол кезден бастап осы ойында бағын сынап келемін. Әр турнир — мен үшін Батыржан ағаның рухына тағзым, – дейді Думан Өтебаев.
Жарыста ересектер арасында павлодарлық Ерасыл Әутәліпов қарсылас шыдатпай, чемпион атанды. Ол – тоғызқұмалақтан Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Қазір Чехияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындалып жүр.
«Бұл жеңіс – мен үшін құрмет. Батыржан ағамыз секілді тұлғалар біздің болашағымызға жол ашып кеткен. Мен де ел намысын қорғап, соған лайық болуға тырысамын, – деді Ерасыл жарыс соңында.
Қыздар арасында қостанайлық Амина Садыр топ жарды. Ол да Азия мен ҚР чемпионы. Биыл Талдықорғанда өткен жарыста күміс медаль иеленіп, әлем чемпионатына жолдама алған.
«Бұл турнир мен үшін ерекше. Себебі мұнда бәсекеден бөлек, үлкен рухани күш беретін құдірет бар. Батыржан ағамыздың өмір жолы – бізге үлгі, – дейді Амина.
Жасөспірімдер арасында да Қостанайдың балалары ерекше көзге түсті. 2012 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Кәрім Сағымбаев пен Інжу Шотбай жеңімпаз атанса, 2016 жылы туғандар арасында Рамазан Алдияр мен Айша Мұратқали қарсылас шыдатпады.
Кішкентай болса да, бұл балалардың көзіндегі от пен табандылық – ұлттық спорттың болашағының жарқын екенін аңғартты. Батыржан Кенжетаевты еске алу – бүгін мен болашаққа нақты бағыт. Ол – ғылым мен рухтың, тарих пен тәрбиенің тоғысқан тұсы. Бұл турнир сол рухтың тірі екенін, Батыржанның аты ұмытылмайтынын дәлелдеді. Ғылым жолында құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Батыржанның жарық мұрасы енді жастардың жүрегінде жалғаса берері сөзсіз.
Айбек ЖҮЗБАЙ