Қостанай қаласында экологияны жақсарту және елді мекендерді абаттандыру мақсатымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы басталды.
Осы бастаманың аясында өткен алғашқы сенбілікке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы қатысты. Олар қала тұрғындарымен бірге шаһар аумағын тазартуға атсалысып, экологиялық мәдениеттің маңызын насихаттады.
Іс-шара аясында Орталық саябақ қоқыстан тазартылып, жасыл желектердің түбі ретке келтірілді. Қоғам өкілдері, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер де сенбілікке белсене қатысты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов экологиялық іс-шараның тек тазалықты сақтау емес, сонымен қатар табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын айтты.
«Біз табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйренуіміз керек. Мұндай акциялар – халықты бірлікке, туған жерге жанашыр болуға үндейді. Қостанай – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, Орталық саябақта күзге қарай жаңадан 18 аттракцион орнатылмақ.
«Таза Қазақстан» айлығы аясында мұндай сенбіліктер облыстың барлық аудандарында өтеді. Жоспарға сәйкес, өзен-көл жағалауларын, саябақтарды, көпшілік орындарды тазалау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, ағаш отырғызу, эко-сабақтар өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған.
Бұл бастама өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Осы бастаманың аясында өңірде 200 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Балаларға арналған 135 спорт алаңқайы салынбақ.
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев.